Түркістан облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыстағы тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтайтын полигондарды тексерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеріс барысында, полигондардың 70 пайызы санитариялық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды.
Мәселен, облыс аумағындағы 135 полигон инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген (жарық, қоршау, арнайы құрылғылармен қаржыландыруға байланысты жабдықталмаған), 81-і санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз (жан-жақты қарау және тиісті әкімшілік жауаптылыққа тарту бойынша материалдар сотқа жолданған), 11-і экологиялық рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеуде.
Бұл ретте, орын алған заң бұзушылықтар бойынша прокуратура тарапынан қадағалау актісі енгізіліп (Түркістан облысы бойынша Экология департаменті мен санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментіне), тиісті басшыларына 9 млн теңгеден астам айыппұл салынды және 11 полигонның қызметі экологиялық рұқсат алғанша тоқтатылды.