Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында іске асырылған «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және тұрғындарды табиғатқа жанашыр болуға үндейді. Республикалық бастамаға партия мүшелерімен қатар еріктілер, жастар, бастауыш партия ұйымдары мен мемлекеттік мекеме өкілдері белсене атсалысып, өз өңірлеріндегі қоғамдық орындар мен табиғи аумақтарды тазартуға үлес қосып келеді.
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында «Таза бейсенбі» акциясы ауылдың оңтүстік-батысында орналасқан Сабындыкөл аумағында өтті. Экологиялық іс-шараға 40-қа жуық адам қатысты.
«Сабындыкөл 118 гектар аумақты алып жатыр, тереңдігі 2 метрге дейін барады. Көлдің оңтүстік жартысында қалың қоға өседі, ал солтүстік, батыс бөлігі ашық. Қоғаның сабағынан минералдық заттар бөлінеді де самал жел оны сумен араластырып, көпіртеді. Сабын аталуының себебі осы. Сондықтан да жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орнын тұрақты түрде тазартып отыру маңызды», – деді партияның Ырғыз аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айымгүл Оразымбетова.
Атырау облысы Мақат ауданында өткен тазалық жұмыстары барысында Мақат кентінде 2 шақырым аумақ қоқыстан тазартылды. Іс-шараға қатысқан 30-ға жуық белсенді экологиялық тәртіпті сақтау мен табиғатқа жауапкершілікпен қарау қажеттігін іспен көрсетті. Олар арам шөптерді жұлып, саябақтағы талдарды әктеп, ортаны абаттандыру жұмыстарына белсене араласты.
Ал Алматы қаласында «AMANAT» партиясының Орталық аудандық филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен «Таза бейсенбі» акциясы да ерекше маңызға ие болды. Қала тұрғындары мен еріктілер аула ішін және қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, экологиялық мәдениетті насихаттады.
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында өткен «Таза бейсенбі» экоакциясына №5 мектептің ұжымы мен оқушылары жұмыла қатысып, Бабыр би саябағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Оқушылар мен ұстаздар қаланың көрікті орындарының бірін қоқыстан тазартып, айналаны абаттандыруға өз үлестерін қосты.
«Жаз мезгілінде балмұздықтың қағазын, түрлі сусындардың бөтелкелерін кез-келген жерге тастап кететіндер бар. Сондайдың алдын алу үшін, тазалықтың еңбекпен келетінін көрсеткіміз келді», – дейді мектеп мұғалімі, «Диагностика» бастауыш партия ұйымының төрайымы Шолпан Советова.
Шымкент қаласындағы кезекті экологиялық акция Абай ауданына қарасты «Shymcity» шағын ауданында ұйымдастырылды. Тазалық жұмысына 50-ден астам адам қатысып, 1 тоннаға жуық қоқысты жинап, арнайы техникамен сыртқа шығарылды. «AMANAT» партиясының қалалық және аудандық филиалдары, «Жастар рухы» жастар қанаты мен коммуналдық қызмет өкілдері игі іске жұмыла кірісті.
Жамбыл облысы Шу ауданында өткізілген экологиялық іс-шараға мәслихат депутаттары, еріктілер мен партия мүшелері қатысты. Олар Абай ауылындағы Төреқұл көшесін қоқыстан тазалап, ауыл тұрғындарын тазалыққа, экологиялық мәдениетке шақырды.
«Таза бейсенбі» – бұл жай ғана тазалық жұмыстарын өткізетін акция емес, бұл қоғамды экологиялық мәдениетке баулудың нақты тетігі. Мұндай жұмыстар арқылы біз тұрғындарға үлгі көрсетіп, табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттаймыз. Әр азамат өзінің ауласын, көшесін таза ұстаса, қоршаған ортамыз көркейеді. Сондықтан бүгін экологиялық акцияны ауыл көшесін тазалауға арнап отырмыз. Осы арқылы ауыл халқын өз ауласын таза ұстауға шақырдық», – дейді Шу аудандық мәслихатының депутаты Мақсат Маткаримов.
Жетісу облысында да тазалық жұмыстары кең көлемде өтті. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің көше жиегінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, аймақ тұрмыстық қалдықтан тазартылды. Ал Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында балалар ойын алаңдарының маңынан 2 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигонға жеткізілді.
Қарағанды облысы Балқаш қаласында да экологиялық бастамаға жоғары деңгейде қолдау көрсетілді. Қатысушылар қаланың жағалау аймағын қоқыстан тазартып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Экологиялық акцияға студенттер, қаланың белсенді жастары, партия мүшелері мен депутаттар белсене қатысты.
Қызылорда облысы Қазалы ауданында партиясының бастауыш ұйымдары Әйтеке би кентіндегі автодром маңы мен аудандық жол жиегінде тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 1 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
«Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған партияның «Таза бейсенбі» акциясына тұрақты түрде қатысып келемін. Әр азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалыққа атсалысуы керек, сонда ғана біз таза әрі жайлы өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыра аламыз. Бұл тек бір күндік іс емес, күнделікті өмір салтымызға айналуға тиіс», — деді «Теміржолшы» БПҰ мүшесі Өркен Наурызбаев.
«Таза бейсенбі» — бұл қоршаған ортаны жақсарту мен қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған нақты әрекет. Өткен жылдың маусым айынан бері «Таза бейсенбі» аясында 120 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 100-ден астам өзен-көл мен су айдындары тазартылды. Игі іске ел бойынша 70 мыңнан астам адам қатысты.