Шығыс Қазақстан облысына қарасты Нарын ауданындағы Жұлдыз ауылына «Көші қон» бағдарламасы бойынша көшіп барған түркістандық ұстаз Сайра Құрақбаева жастарды батыл қадам жасауға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Turkistan» телеарнасына берген сұхбатында маман шығысқа барып, арманына жеткенін тілге тиек етті.
Сайра Құрақбаева Жұлдыз орта мектебінде бірнеше сала бойынша жұмыс істейді. Білікті маман топ меңгерушісі, IT саласының зертханашысы және дене шынықтыру мен шебер сабақтары бойынша білім беріп жүр.
«Мен мұнда келіп, арманыма жеттім деп ойлаймын. Қазір екі ставкамен жұмыс істеп жүрмін. Жарты ставка бойынша клуб меңгерушісі болып қызмет атқарамын және IT саласының зертханашысымын. Және дене шынықтыру пәнінен сағаттарым бар. Әрі қолөнер шеберлері үйірмесін басқарамын. Оңтүстікте дипломмен бос жүрген жас отбасыларды осында жұмысқа шақырамын. Батыл қадам жасауға шақырамын! Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданы Жұлдыз негізгі орта мектебін таңдасын деп айтамын!», – дейді маман.