6 миллион долларлық алтын дәретхананы ұрлаған: Ұлыбританияда 5 жыл бұрын қылмыс жасағандар сотталды

/
6 миллион долларлық алтын дәретхананы ұрлаған: Ұлыбританияда 5 жыл бұрын қылмыс жасағандар сотталды
сурет: WILLIAM EDWARDS/AFP via Getty Images/AFP

2019 жылы Бленхейм сарайынан ұрланған 6 миллион долларлық алтын унитазға қатысты екі ер адам Ұлыбритания сотында кінәлі деп танылды, деп хабарлайды turkystan.kz npr.org-ке сілтеме жасап.

Бұл унитаз – италиялық суретші Маурицио Каттеланның 2016 жылы жасаған America («Америка») атты инсталляциясы. 18 караттық алтыннан құйылып жасалған, толықтай жұмыс істейтін бұл өнер туындысы алғашында Нью-Йорктегі Соломон Гуггенхайм музейінде көрсетіліп, кейін Ұлыбританиядағы тарихи Бленхейм сарайында қойылған еді. Сол жерде ол 2019 жылғы 14 қыркүйекте ұрланған болатын.

Тергеу деректеріне сәйкес, ұрылар тобы таңертең дәретхананы еденнен жұлып алып, небәрі бес минут ішінде қашып кеткен.

Биылғы наурызда 39 жастағы Майкл Джоунс унитазды ұрлау ісі бойынша кінәлі деп танылды. Ал 36 жастағы Фред Доу қылмыстық жолмен алынған мүлікті өткізу бойынша астыртын келісімге қатысқаны үшін айыпталды. Бұған дейін 40 жастағы Джеймс Шин бұл қылмысты ұйымдастырғанын мойындап, ұрлық пен заңсыз мүлікті өткізу бойынша кінәсін мойындаған болатын.

6 миллион долларға сақтандырылған бұл өнер туындысы әлі күнге дейін табылған жоқ. Прокуратура мәліметінше, унитаз бірнеше бөлікке бөлініп, сатылып кеткен. Айыпталушы Джоунс тіпті ұрлықтың алдындағы күні унитазды пайдаланып көргенін айтып, бұл «керемет тәжірибе» деп сипаттаған.

Каттеланның бұл туындысы алғаш Гуггенхайм музейінде қойылғанда, келушілер оны еркін пайдалана алатын болған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары