Желіде Ақтау маңында бірнеше жасөспірімнің жаппай ұсталғаны туралы видео пайда болды, деп хабарлады turkystan.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
19 мамырда әлеуметтік желіде тараған видеода полицейлер кәмелетке толмағандарды қызметтік автобусқа отырғызып жатыр. Бұл оқиғаға қатысты Маңғыстау облысының полиция департаменті түсініктеме берді.
«16 мамырдан 17 мамырға қараған түні кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында Мұнайлы ауданында рейд жүргізілді. Іс-шара қорытындысына сәйкес, жасөспірімдердің 23 ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», - делінген Маңғыстау облысының полиция департаментінің хабарламасында.
Тәртіп сақшылары мұндай іс-шаралар ұдайы жүргізіліп тұратынын және ата-аналарды балаларының жүріс-тұрысына мұқият болуға шақырды.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі қазақстандық ата-аналарға жүгініп, мәлімдеме жасаған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті кәмелетке толмағандарды есірткі бизнесіне тарту мәселесіне байланысты алаңдаушылық білдірді.