Тұрмыс түзелсе – шаңырақ шат

Тұрмыс түзелсе – шаңырақ шат

Тұрмыс түзелсе – шаңырақ шат
ашық дереккөзі
Жоқшылық азабын тартып, 3 жылдан астам уақыт бойы вагонда өмір сүріп келген Паштановтар отбасының мәселесі оң шешімін тапты. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының арқасында тұрмысы түзелген отбасының партиялықтарға айтар алғысы зор. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезекті қоғамдық қабылдауына келген Айтбике күзетші болып жұмыс істейтін күйеуі Сапар Паштановтың 2 айдан бері еңбекақысын ала алмай жүргенін айтып, шағымданған болатын. Азаматшаның арызын тыңдаған қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі М.Жайлыбаев тиісті мекемеге қоңырау шалып, төленбей жүрген еңбекақысын өндіріп беруге көмектескен. Партия тарапынан мәселесі оңынан шешілген соң, Айтбике Әбішова қамқор жандарға алғысын айтып тағы келеді. Партия қызметкерлері әңгімеге тартқанда, жас келіншек отбасымен Ақтау қаласындағы 6-ықшамауданда орналасқан вагонда тұратынын, 3 баласы бастауыш мектепте оқитындығын айтады. Жолдасы Сапардың тапқан 30 мың теңгесі мен балаларына алатын мардымсыз жәрдемақасы ішіп-жемнен артылмайтынын, пәтер жалдап тұруға шамалары келмейтінін айтып, налиды. Кенже ұлына қарайтын адам болмағандықтан, жұмысқа шыға алмай отырғандығын да жеткізеді. Ерлі-зайыптылар мен 4 баланың жатар орны мен асханасына айналған қуықтай вагонда жұпыны күн кешкен отбасы қиналудай-ақ қиналған. – Екі қызым мен екі ұлым бар. Үлкен қызым Ақмарал – 11 жаста, кенже ұлым Мақсат – 3 жаста. Жолдасым бір мекемеде күзетші болып жұмыс істейді. Жалақысы – 30 мың теңге. Тапқан табысы күнделікті тамағымыздан артылмайды. Ел қатарлы дұрыс тамақтанбаймыз. Мектепке баратын балаларымызға киім алмағалы да біраз жыл болды. Өзім жұмысқа шығайын десем, үйде ұлымды қарайтын адам жоқ, – деген еді 37 жастағы Айтбике Әбішова «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Бұл отбасы осыдан үш жыл бұрын Жаңаөзен қаласынан облыс орталығына қоныс аударған. Алғашқы жылдары пәтер жалдап тұрған көрінеді. Тапқан табысы күнделікті ішіп-жемнен, балаларының қажеттіліктерінен артылмағасын пәтер ақысын төлеу қиынға түскендігін айтады. «Үш жыл бойы тұрып келген вагонды бізге тегін берген етік жөндеу шеберханасының басшысына ризашылығымызды білдіреміз. Қуықтай бөлмес болса да, далада қалған жоқпыз. Өзім Жаңаөзен қаласына Өзбек­станнан 2000 жылы келдім. 2005 жылы тұрмысқа шығып, отбасын құрдым. Алғашқы жылдары отбасымызбен ағамыздың үйінде тұрдық. Кейін жолдасым Ақтау қаласынан жұмыс тапқасын осы жаққа көшіп келдік. Алғашқы жылдары пәтер жалдап тұрсақ, кейіннен вагонды паналадық. «Неге біз ел қатарлы үйде тұрмаймыз, неге біздің үйіміз жоқ?» деп балаларым да жиі сұрақ қоятын. Не деп жауап берерімді білмей қиналатынмын», – дейді көпбалалы ана. Вагонда тұратын отбасының жағдайымен танысқан сол кездегі «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Халила Нұрғалиева Паштановтар отбасына 23-ықшамаудандағы жатақханадан екі бөлме алуға көмектесті. Жанашыр жандардың қамқорлығына бөленген отбасы жаңа өмір бастады десек, артық айтқанымыз емес. Қазіргі таңда Паштановтар отбасы 23-ықшамаудандағы 100 «А» жатақханасының 2 бөлмесінде тұрады. Одан бөлек, партия қызметкерлері Айтбикенің балабақшаға жұмысқа орналасуына да көмектесті, кенже ұлын балабақшаға алдырды. Бүгінде Сапар да сол балабақшада бағбан болып жұмыс істейді. – Қуанышымда шек жоқ. Біздің басымызға түскен қиындықққа атүсті қарамай, бір айдың көлемінде баспаналы болуға көмектесіп, қамқорлық танытқан жандарға айтар алғысым шексіз. Құдайға шүкір, тұрмысымыз түзеліп келеді. Партияның ықпалымен жұмысқа орналастым, балаларым сабақта, кенже ұлым балабақшада. Жолдасым да жұмысына барып жүр, айлығымызды да уақытылы алып тұрамыз. Жақында құжаттарымды жинақтап, үй кезегіне тұрдым. Балаларым да сабақтан бос уақытта «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі спорт секцияларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, бізді қуантып жүр. Ақмаралым спортпен айналысқанына аз уақыт болса да, дзюдодан өткен облыстық чемпионатта топ жарып, алтыннан алқа тақты. Партия қызметкерлері мерекелерде арнайы келіп құттықтап тұрады, – дейді Айтбике Әбішова. Тұрмысы түзеліп, тірлігі дөңгелеген шаңырақ отбасы бақытын енді ғана тапқандай.