Көлік министрі Марат Қарабаев пен Түрікменстан Министрлер Кабинетінің жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігінің бас директоры Мамметхан Чакыев көлік-логистикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша екіжақты кездесу өткізді.
Азаматтық авиация саласында көлік ведомстволары басшылары Алматы-Ашхабад рейсін қайта іске қосуды көздеп отыр. Түрікмен тарапы биыл әуе рейсін қайта іске қосуға ниетті. Бұл елдер арасындағы сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Автожол саласына келетін болсақ «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамыту бойынша тараптар бірлесіп жұмыстанады. Мәселен, осы дәлізге қатысы бар жол биыл жөндеумен қамтылады. Маңғыстау облысында жолшылар осы айда Жаңаөзен қаласынан Түрікменстан шекарасына Кендірлі арқылы өтетін жолды жөндеуге кіріседі. 200 шақырымға жуық жол екі жолақты қозғалыспен қамтылып, төртінші санаттан үшінші санатқа ауыстырылады. Жөндеу барысында мамандар жол жиегін нығайтып, жолды толығымен жаңартады.
Автомобиль көлігі және халықаралық тасымалдау саласы бойынша тараптар шетелдік рұқсат бланкілерін (ШРБ) алмасу процесін цифрлы форматқа ауыстыруға келісті. Бұл елдер арасындағы транзитті айтарлықтай арттырып, жүк тасымалын жеделдете түспек.
Тараптар көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті.