Жыл сайын бір қаланы "кітап астанасы" деп жариялау қажет – Жарқынбек Амантайұлы

/
Жыл сайын бір қаланы "кітап астанасы" деп жариялау қажет – Жарқынбек Амантайұлы
сурет: parlam.kz / Жаслан Жумабеков

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында елімізде кітап оқу мәдениетін арттыру бағытындағы маңызды ұсынысын ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында және түрлі алаңдарда кітаптың қоғамдағы орнын ерекше атап келеді. «Кітап – бұл біздің мәдениетіміз бен болашағымызды қалыптастырушы құрал», – деген Президент сөзі – бұл бағыттағы мемлекеттің стратегиялық ұстанымын көрсетеді.

Депутат Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде нақты тапсырма бергенін еске салып, биыл алғаш рет елімізде бұл мереке атап өтілгенін айтты.

Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, бұл тек бір күндік шара емес, елді рухани жаңғыртатын кешенді бастаманың бастауы.

«Қазақстандықтар бұл бейресми мерекені жақсы қабылдап, елорда мен өңірлерде түрлі форматтағы, әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар жоғары деңгейде өткеніне куә болдық. Бұл бастама өркениет көшіне ілесудің бірегей жолы деп қабылдадық», – деді ол.

Ол озық елдердің тәжірибесіне назар аудару қажет екенін атап өтті. Мәселен, ЮНЕСКО 1996 жылдан бастап 23 сәуірде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Кейін бұл бастама негізінде жыл сайын бір қаланы «Дүниежүзілік кітап астанасы» деп жариялау тәжірибесі енгізілген.

«2001 жылы Мадридтен басталған бұл эстафетаны кейін Александрия, Нью-Дели, Антверпен, Монреаль сынды ірі мәдениет орталықтары жалғастырды. Биыл бұл мәртебелі миссия Бразилияның Рио-де-Жанейросына берілді», – деді депутат.

Сауал мәтінінде Жарқынбек Амантайұлы осындай халықаралық тәжірибені елімізде де енгізу қажет екенін алға тартты.

«Жыл сайын еліміздегі қалалардың бірін "Қазақстанның кітап астанасы" ретінде таңдап, өңірлерде кітаптың құндылығын арттыруға, әдебиеттің рөлін көрсетуге, авторлық құқықты қорғауға, ақын-жазушыларға құрмет көрсетуді жүйелі түрде жолға қою қажет», – деді депутат.

Ол бұл бастаманы Ұлттық кітап күнімен үйлестіре отырып, ел көлемінде ауқымды мәдени-рухани жобаларды қолға алуға мүмкіндік бар екенін баса айтты.

Ұсынылып отырған нақты шаралар:

Жарқынбек Амантайұлы Үкіметке мынадай ұсыныстарын жеткізді:

  1. Жыл сайын республикалық деңгейде бір қаланы «Қазақстанның кітап астанасы» ретінде бекіту;
  2. Атаулы мәртебені алған қалада бір жыл бойы әдебиет пен кітап мәдениетін дәріптеуге бағытталған кешенді жоспар әзірлеу;
  3. «Қазақстанның кітап астанасы» жобасын Ұлттық кітап күнімен үйлестіру;
  4. Жергілікті билікпен бірлесіп, жобаны іске асыру үшін қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау тетіктерін қарастыру.

Сөз соңында депутат: «Осы ұсыныстарды жан-жақты қарастырып, оң шешім қабылданады деген сенімдемін», – деді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары