292
Қашқын әке қарыз арқалайды
Қашқын әке қарыз арқалайды
Өткен аптада Мәжіліс депутаттары «Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының жарғысын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, Гаага конференциясының конвенцияларына қосылу басқа елдерде жүрген ата-аналардан алимент өндіріп алуға мүмкіндік бермек. Заң алдындағы жауапкершілігінен, перзенті алдындағы парызынан жалтарып, шекара асқан ата-аналар енді алшаң басып жүре алмайды.
Заң жобасын талқылау барысында Марат Бекетаев Гаага конференциясының мақсаты халықаралық жеке құқық нормаларын біріздендіруге, осы саладағы мемлекеттердің ынтымақтастығына жәрдем көрсетуге негізделгенін атап өтті. Ұйым аясында 39 конвенция жасалған. Олар азаматтық іс жүргізу аясында құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Қазақстанның Гаага конференциясындағы халықаралық заң шығарушылық жұмысына тікелей қатысуы шетелде біздің азаматтардың құқықтарының неғұрлым тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді.Ұйым жұмысы барысында әр мемлекет өзі маңызды деп санайтын мәселелерді көтереді. Мысалы, ұсыныстардың бірі ретінде біздің мемлекет алимент өндіріп алу бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселесін қарастырмақ.
«Менің қолымда қазір алименттер бойынша мәліметтер бар. 2016 жылы алименттерді өндіріп алу жөніндегі біз ратификациялаған Конвенцияның арқасында Алматы және Ақмола облыстары соттарының алименттерді төлету туралы шешімдерін шетелде мойындату және олардың аумағында орындату тұрғысында ГФР-ге екі өтінішхат жіберілді. Сонымен қатар шетелден Қазақстан Республикасына 66 атқарушылық істер бағытталды. Осы ретте ескерте кетер жайт, олардың кейбірі Минск келісімдері арқасында жіберілді. Олар негізінен ТМД елдері. Ресей Федерациясы – 48 құжатты, Өзбекстан – 7, Беларусь – 5, Әзірбайжан – 2, сондай-ақ Украина, Қырғызстан, Польшадан бір-бір құжат жолданды. Яғни осы конвенцияларды ратификациялау алимент алушылардың құқықтарын қорғауға көмектеседі», – деді Әділет министрі Марат Бекетаев.
Өкінішке қарай, құзырлы органдар тарапынан сан түрлі шаралар жасалып жатса да, елімізде алимент өндіріп алу мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бауыр еті – баласының жағдайына қарайласпақ түгілі халін сұрамайтындардың саны көбейіп барады. Соның салдарынан Қазақстанда 350 мыңнан астам бала заң бойынша төленуі тиіс алименттен қағылып отыр. Перзент алдындағы парызынан жалтарған әкелердің қарызы 2 млрд теңгеге жуықтаған. Бір ғана Астана қаласының өзінде 7 мыңнан астам бала өздеріне тиесілі 400 млн теңге көлеміндегі алиментін ала алмай жүр. Елордалық тәртіп сақшылары алимент төлеуден қашып жүрген әкелермен күрес шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Заңға көнбей, қиғылық салғандарға 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданыла бастады. Мәселен, өткен жылдың соңында Астана қаласы Алматы ауданының прокурорлары Әділет басқармасымен бірлесіп, «Өз балаңа көмектес» акциясы аясында жүздеген мекен-жайларды аралап шыққан. Тексеру жүргізілген 3 апта ішінде прокурорлар мен сот орындаушылары 23 адамды қамауға алды.
Алимент төлеуден жалтарғандардың көпшілігі әдетте екі қолға бір күрек таппай жүргендерін айтып ақталады. Мәселен, Астана қаласы бойынша алимент төлеуге міндеттелген 19 мың адамның екі мыңға жуығы жұмыссыз ретінде тіркелген. Құқық қорғаушылар бұл мәселені шешудің де ретін тапты. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде жұмыссыз борышкерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Мәселен, өткен жылы Астана қаласы Әділет департаменті, Жұмыспен қамту орталығы және Астана қаласының Алматы ауданының аудандық прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастырған еңбек жәрмеңкесіне құрылыс, өнеркәсіп, жылу энергетика, күзет, қала аймақтарын абаттандыру, көлік және коммуналдық қызмет саласы бойынша 20-дан астам мекеме қатысып, 150-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Артынша бұл үрдіс жаңаша сипат алып, Астана қаласының прокурорлары «Алимент берешегін азайту» деп аталатын арнайы жобаны іске қосты. Жоба аясында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған екі мың азаматты мамандықтары мен игерген кәсіп түрлері бойынша категорияларға бөліп, компанияларға сұрау жіберілген. Нәтижесінде Астана қаласындағы беделді екі құрылыс компаниясынан электр маманы, сантехник сияқты мамандар бойынша 500 ұсыныс келіп түскен. Яғни жоба ә дегеннен өзінің тиімділігін көрсетті. Борышкерлердің алғашқы легі – 400-ден астам адам «Базис-А», «Қуат» секілді ірі құрылыс компанияларына жұмысқа орналасуы сөзімізге дәлел бола алады.
Шенділер де алименттен жалтарып жүр
Құқыққорғаушылардың айтуынша, перзентіне берешегін уақытылы төлемей жүргендердің арасында ішкілікке салынғандар, үй-күйі жоқтар да баршылық. Мұндайлармен сот орындаушылары қанша жұмыс жүргізсе де, тиісті қаражатты өндіріп алуға қауқарсыз. Алайда алимент төлемей, қарызға батқандардың бәрі бірдей маскүнем немесе жұмыссыздар емес. Олардың арасында тұрақты жұмысы барлар, кәсіпкерлер, тіпті, лауазымды тұлғалар да кездесетін көрінеді. Мұндай азаматтардың алименттен жалтаруы тұрмыс тауқыметінен, жоқшылықтан болып отыр дегенге сену қиын. Көкшетау қаласының прокуроры Арман Ризановтың айтуынша, баласына жалақысының тиісті бөлігін бергісі келмейтіндер жұмыс берушімен келісіп, бақылаушы органдарға табысының көлемін бірнеше есе азайтып көрсетеді екен. Өйткені ай сайын балаға төленетін алимент мөлшері борышкердің табысына қарай белгіленеді. Айталық, бір балаға борышкер табысының 1/4 бөлігі төленсе, екі балаға – әке табысының 1/3 бөлігі, үш немесе одан көп балаға – борышкер жалақысының 1/2 бөлігі аударылып отыруы шарт. Табысын өз перзентіне қимағандар жалақысын жұмыс орнынан қолма-қол алып, заңды айналып өтудің түрлі амалын жасауда. Борышкерлердің алимент қарызының жыл санап өсіп бара жатқанының себебі не деген сауалға жауап іздегенде, мәселенің бір ұшы сот орындаушыларының жауапкершілігіне келіп тіреледі. Сот орындаушыларының өз жұмыстарын дұрыс атқармауы салдарынан елімізде талай іс шаң басқан сөрелерде көміліп жатыр. Мәселен, жуырда Көкшетау қалалық прокуратурасы арнайы бес қызметкерді бөліп, сот орындаушыларының қоржынында жатқан 1640 істі зерттеп көріпті. Зерттеу барысында алимент төлемейтіндердің 700-і жұмыс істейтіні, тұрақты жалақылары бар екені анықталған. Ал 113 адам көрсетілген мекен-жайда тұрмайтын болып шыққан. 153 борышкер басқа облыстың аумағына көшіп кеткен, яғни олардың ісімен өздері тұрып жатқан аймақтың сот орындаушылары айналысуы қажет. Сорақысы сол, сот орындаушыларының папкасында жатқан 105 іске қатысты борышкер әлдеқашан бұл дүниеден өтіп кеткен болып шықты. Өлгендердің ісі жойылуы тиіс болса да, ол сот орындаушыларының папкасында шаң басып жата берген. Міне, осыдан кейін біздегі көп істің неге нәтиже бермейтінін ұққандаймыз.Борышкерлерді тезге салудың жолы қайсы?
Алимент төлегісі келмейтін азаматтар саны жөнінен көш бастап тұрған өңірлердің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы. Аймақта перзентіне берешегін төлемей жүргендер саны 2015 жылға қарағанда 2016 жылы 200-ге көбейген. Бір жыл ішінде мыңға жуық борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ОҚО сот орындаушылары палатасының мәліметтеріне қарағанда, «2015 жылы сот орындаушылары бөлімдеріне 28 164 адамның құжаты түссе, алименттер қарызы бұл жылдың басында 246 миллион теңгеге жеткен. Ал 2016 жылы сот орындаушыларына 28 365 азаматтың құжаты түсіп, олардың қарызы 170 миллион теңге екені анықталған. 2015 жылы 1 миллиард 200 миллион теңгедей алимент өндірілсе, 2016 жылғы көрсеткіш те осы шамада болған». Сот орындаушыларының мәжбүрлеуімен алимент төлейтін адамдардың көбеюін, бірақ қарыз көлемінің азаюын ОҚО прокуратурасы өкілі Қантөре Хандиллаев алимент өндіру жұмыстарының күн сайын жүріп жатқанымен түсіндіреді. «Күнделікті алимент өндіріліп жатқан соң қарыз көлемі азайып келеді. Борышкерлер бала санына қарай жалақысының тиісті бөлігін аударып отыруға міндетті. Ал жұмыссыздар алиментті күнкөріс деңгейінің мөлшерімен төлейді. Борышкердің атында мүлкі болып, табысын жасырса, қылмыстық жазаға тартылады. Қылмыстық жазаға тартпас бұрын ескерту беріледі. Одан кейін әкімшілік жаза қолданылып, қоғамдық жұмысқа тартылады немесе бес тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, – дейді Қ.Хандиллаев. Бас бостандығынан айыру – борышкерлерді тезге салудың ең соңғы амалы. Алимент төлеуден қашып жүргендерді жазалаудың өзге түрлеріне келер болсақ, өткен жылдан бері Астана қаласында борышкер әкелерді жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылып келеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде Астана қаласында 200-ге жуық адам көлік жүргізу құқығынан айырылған. Сондай-ақ, борышкерлердің ел аумағынан шығуына шектеу қою шарасы жемісті болып отыр. 2016 жылдың 8 ай ішінде елорда бойынша 1700 борышкерге шектеу қойылған. Осының нәтижесінде жаз мезгілдерінде демалуға немесе шекаралас елдерге жұмыс істеуге шыққылары келген борышкерлердің көбі жиналып қалған қарыздарын бірден төлеген. Сонымен қатар, борышкердің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылып келеді. «Өткен жылдың басында баласына 1,5 млн теңге алимент қарыз болған бір азаматтың мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылдадық. Мүлкі бұл қаражаттан әлдеқайда қымбат екенін түсінген әке келісімге келе отырып, бірден алимент төлеп берді. Бүгінге дейін жалпы қала бойынша 154 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғылықты мекен-жайын анықтау мүмкін болмайтын алименттік борышкерлерге сот арқылы іздеу жарияланып жатыр», – дейді Астана қалалық прокуратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының басшысы Берік Адамов. Перзенті алдындағы борышын өтегісі келмейтін азаматтарды «тәубесіне келтірудің» тиімді әдісі ретінде қоғам белсенділері «көкек әкелерді» ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жариялауды ұсынып жүр. Әлгіндей борышкерлердің суретін баспасөзде жариялап, теледидардан берсе, бетінде қытығы болса ел-жұрттан ұялып, мұндай қылықтан бас тартар еді олар. Көп алдында масқара болудан қорыққандар қарызынан құтылуға асығар делік. Бірақ мұндай жолмен перзентіне жаны ашымайтын безбүйрек әкелердің жүрегіне мейірім ұялата алмасымыз анық. Қоғамның айықпас дертіне айналған «ажырасу синдромына» да тоқтау бола алмас. Бүгінде ерлі-зайыптылардың ажырасу деңгейі бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа кіріп отырмыз. Сүйінші сұрайтын жаңалық емес, бірақ, шындығы сол. АҚШ-тың Illinois университетінің «Ажырасу және отбасын қорғау ғылыми зерттеу» орталығының мәліметіне сүйенсек, бұзылған некелердің көрсеткіші жөнінен Қазақстан әлем бойынша 9-орында, мұсылман елдері ішінде 1- орында тұр. Елімізде отбасы институтының құлдырағаны соншалық – бүгінде ерлі-зайыптылар арасында жан түршігерлік оқиғалар көбейген. Ері әйелін өртей салу, әйелі ерін өлтіруге тапсырыс беру, бір-біріне суық қару жұмсау секілді оқиғаларды көк жәшіктен екі күннің бірінде көрсетіп жатады. Статистикалық мәліметтер бір жыл ішінде отау құрғандардың үштен бірі ажырасып кететінін көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда Қазақстанда 700 мыңға жуық отау тігілсе, оның 300 мыңдайы ажырасып үлгерген. Яғни, құрылған некелердің тең жартысы жоқ деген сөз. Психологтардың айтуынша, жастар арасында ажырасу көрсеткіштерінің көбеюіне көбінесе әлеуметтік жағдайдың қиындығы, үй-күйдің жоқтығы, жұмыссыздық секілді түйткілдер себеп. Қиындыққа шыдамай, қит етсе, төркінге кетуге дайын тұратын келіншектер қатарының артуы, өзінің ер азаматтық міндетіне жауапкершілікпен қарайтын жігіттердің азаюы түптеп келгенде қоғамның ең үлкен трагедиясы – жетімдердің көбеюіне әкеліп соғатыны өкінішті. Төзім мен мейірім жоқ жерде отбасы берекесі қайдан болсын? Әке мен шеше бір-біріне теріс қарап отырған отауда сәби қалай бақытты болсын? Әкенің алиментін емес, әлдиін аңсап өскен бала ертең үлгілі отағасы, мейірімді әке болады дегенге сенгіміз-ақ келеді, бірақ...