Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуінде не талқыланбақ?

Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуінде не талқыланбақ?

Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуінде не талқыланбақ?
ашық дереккөзі
228
Ертең АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет Флорида штатында кездеседі. Америкалық баспасөз қос лидердің кездесуін тарихи оқиғаға балап отыр. Бұған дейін Трамптың Қытай саясатына қатысты сыңаржақ пікір айтқаны ешкімнің есінен шыққан жоқ. Қалай болғанда да Солтүстік Кореяға қатысты мәселеде АҚШ алып Қытайдың көмегіне мұқтаж екенін байқатты. Кездесудің күн тәртібінде талқыланатын басты мәселе – Солтүстік Кореяның ядролық державаға айналу талпынысы. Ақпан айында Пхеньян баллистикалық зымыранын сынақтан өткізген болатын. Кореяның басты нысанасы – АҚШ екені де жасырын емес. Таяуда АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Кэтлин Макфарленд британдық «Financial Times» басылымына берген сұхбатында Пхеньян баллистикалық зымыран сынақтарын осы қарқынмен жалғастырса, Дональд Трамптың президенттік мерзімі аяқталатын 2021 жылға дейін АҚШ-қа соққы беруі мүмкін екенін ескерткен. Сондықтан Солтүстік Корея мәселесін ескерусіз қалдырмай, Бейжіңнің көмегіне иек артып отырғаны орынды да. Осы газетке берген сұхбатында Трамп: «Солтүстік Корея мәселесімен Қытай айналысуы керек, егер қолға алмаса одан ешкім опа таппайды, ал жағдай күрделене түссе, біз өзіміз-ақ түйінді тарқатып аламыз», – деп сес көрсеткені де бар. Қалай болғанда да Ақ үйдің қазіргі үміті ресми Бейжіңде. «Олар бізге өздерінің қалай  алаңдайтынын көрсетуі керек. Солтүстік  Кореяға нақты қысым жасап, жосықсыз  әрекеттен тоқтата алатын мемлекет – Қытай ғана» деп атап көрсетті АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли АВС арнасына берген сұхбатында. Өз кезегінде Қытай ядролық державаға айналу қаупі бар көршісіне ықпал ете ала ма? Қытай солтүстік шығыстағы көршісіне бірнеше мәрте санкция жариялады, көмірінен бас тартты, сауда-саттықты қысқартты. Алайда Пхеньян мұндай шектеулерді елеусіз қалдырып келеді, өз кезегінде олар алтыншы сынақты өткізуге дайындық үстінде. Вашингтонның Қытай көмегінен тыс, қосымша жоспары да бар. Мәселен, АҚШ-тың қорғаныс мәселесі жөніндегі сарапшысы Эштон Картер Солтүстік Кореяның зерттеу кешеніне соққы беруге болатынын айтты. Бұл жоспар 1994 жылы Билл Клинтон президент болған тұста қарастырылса керек. Оған сәйкес, Кореядағы Ионбене зерттеу орталығына превентивті соққы жасалады. Бірақ мұндай қадамның зардаптары көп болмақ. Маңайдағы бейбіт тұрғындар жазықсыз құрбан болады, шекараға жақын орналасқан Сеул да зардап шегеді. Сарапшының болжамынша, солтүстіккореялықтардың ядролық қару жасауына кедергі келтіріп, алдын ала соққы берсе, іле-шала Пхеньян оңтүстіктегі көршісіне басып кіруі мүмкін. «Сеул қаласының өзі шекараға барынша  жақын орналасқан. Америкалық соққы Солтүстікті әрине жеңеді, бірақ ол мыңдаған адамдардың қырылуына жол береді. Оның үстіне Солтүстік Кореяның  күйреуімен ежелгі корей жері бірігіп, бір үлкен мемлекетке айналады. Ал Қытай тарапы болса, өзінің іргесінде АҚШ-тың одақтасы болатын мұндай ірі мемлекеттің пайда болуын қаламайды», – деді әскери сарапшы. Сондай-ақ, Пхеньян өздеріне қарсы қандай да бір соққы жасалса, бірден ядролық қару қолданатынын жасырып отырған жоқ. Ал қытай баспасөзі бүгінгі кездесу жөнінде ашық пікір айтпады. Кездесуде екі ел арасындағы сауда-саттық, халықаралық қауіпсіздік пен экономикалық байланыстар төңірегіндегі мәселелер қаралады деген байламда. Қос лидердің талқылайтын мәселелері маңызды түйіндерді тарқататыны анық. Трамп Ақ үй табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап АҚШ-Қытай қатынасын нашарлатып алғандай болған. Көп ұзамай Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасы бұрынғы қалпында қалатынын жариялаған. Екі тараптың мүддесі кейде бір арнаға тоғыспайтыны жасырын емес. АҚШ пен Қытайдың валюта саясатындағы қайшылығы – соның дәлелі. Трамп президент сайлау науқанында Қытайды әділетсіз сауда-саттық саясатын жүргізіп отыр деп айыптап, қытай тауарларына импорттық салықтың көбейтілетінін мәлімдеген болатын. АҚШ әлемдік валютаны реттеуде қытайдың ықпалы зор деп санайды, сондықтан осы кездесуде «әділетсіз» сауда-саттықты жақсартуды көздеп отыр. CNN арнасы Трамптың саясатын бұрынғы қытай көшбасшысына ұқсатыпты. «Трамптың ұмтылысын Мао Цзэдунмен салыстыруға болады. Ішкі экономиканы күшейте отырып, халықаралық аренадағы позицияны күшейту – Трамп саясатының басты ерекшеліктерінің бірі. Дональд Трамп пен Мао Цзэдунға ортақ тағы бір сипат бар. Екеуінің де саясатын көпшілік тым жылы қабылдамады, алайда іс жүзінде лидерлік қабілетіне сенгендіктен ғана халық олардың соңынан ерді», – деп жазды. Қайткен күнде де екі держава басшыларының кездесуі әлем саясаткерлерін алаңдатып отыр. Себебі бұл кездесуде үшінші бір мемлекеттің тағдыры шешілмекші.    

Серіктес жаңалықтары