«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында ауылдық медицинаны дамыту – басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Осы бағытта атқарылған нақты істердің нәтижесінде Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты екі бірдей ауылда – Сарыбел және Үшарал елді мекендерінде жаңартылған дәрігерлік амбулаториялар тұрғындардың игілігіне берілді.
Сарыбел ауылында күніне жүз адам қабылдай алатын жаңа амбулатория осыдан 13 жыл бұрын салынғанымен, құрылыс сапасының төмен болуына байланысты ғимарат 11 жылдан кейін апатты жағдайға ұшырады. Жауапсыз мердігердің әрекетінен зардап шеккен ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен мәселе болған еді. Алайда, өткен жылдың соңында бұл мәселе шешімін тапты.
«Ауылдық елді мекендердегі медициналық қызмет сапасын арттыру – біздің басты міндетіміз. Сарыбел мен Үшарал ауылдарында жаңартылған амбулаториялардың іске қосылуы – осы бағыттағы нақты әрі нәтижелі жұмыстардың көрінісі. Бұл жобалар – халыққа берген уәдеміздің орындалғанын білдіреді. Ауыл тұрғындарының денсаулығы – біздің басты назарымызда», – деді «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық филиалының төрағасы.
Бүгінде Сарыбел ауылдық дәрігерлік амбулаториясы округке қарасты Садыр мен Тұрпан ауылдарындағы екі ФАП-пен бірлесіп қызмет көрсетуде. Садыр ауылындағы жаңа ФАП та жақын арада пайдалануға берілмек. Жалпы саны 20 медицина қызметкері 5 мыңнан астам тұрғынның денсаулығын бақылауда ұстап, шалғайдағы елді мекендердегі малшы отбасыларына дейін медициналық көмек жеткізіп отыр.
Дәл осындай жағымды жаңалық Үшарал ауылында да орын алды. Ауылдық амбулатория ғимаратында өткен жылдың қараша айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, күніне 50 адам қабылдай алатын заманауи медициналық нысан іске қосылды.
Аталған жобалар – «AMANAT» партиясының нақты істерінің айғағы. Бұл игі қадамдар партиямыздың әрбір уәдесінің артында халық алдындағы жауапкершілік тұрғанын көрсетеді. Ел ертеңі үшін жасалып жатқан әрбір істің түпкі мақсаты – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту.
Ауыл медицинасының өркендеуі – халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасының артуына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осындай нәтижелі жұмыстар партиямыздың ел сенімін ақтап, биік мақсаттарға бірге жетуге үндейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.