Цюрихте 68 жастағы әйел көршісінің мысығына үнемі тамақ беріп, өз үйіне кіретін есік жасағаны үшін сот алдында жауапқа тартылмақ, деп хабарлайды turkystan.kz Swissinfo-ға сілтеме жасап.
Швейцария заңы бойынша мұндай іс өзгенің мүлігін заңсыз иемдену деп есептеледі. Себебі мысықтың заңды иесі бар.
Прокуратура зейнеткерді 4 300 доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген. Алайда зейнеткер бұл шешіммен келісуден бас тартқан. Нәтижесінде бұл іс сотқа жеткен.
Белгілі болғандай, зейнеткер тоғыз ай бойы көршісінің Лео есімді мысығын тамақтандырған. Мысық иесі оған бұлай істемеу керек екенін жазбаша ескертсе де ол құлақ аспаған. Есесіне мысық үйіне еркін кіріп-шығуы үшін бөлек есік жасап қойған. Ақырында Лео өз иесінің үйіне бармай қойған.