Қытайлар жануарлар тілін аударатын құрылғы жасап шығарды

/
Қытайлар жануарлар тілін аударатын құрылғы жасап шығарды

Жануарларды түсінуге жасанды интеллект көмектеспек, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы South China Morning Post басылымы ақпарат таратты.

Қытайдың IT алыбы Baidu компаниясы әзірлеген жаңа жүйеге патент 2023 жылдың желтоқсанында тіркелгенімен, Қытайдың Ұлттық зияткерлік меншік басқармасы бұл ақпаратты 2025 жылғы 6 мамырда ғана жариялады.

Аталған жоба тек жануардың даусын танумен шектелмейді. Жүйе жануардың мінез-құлқы, биологиялық ерекшеліктері және дене тілі туралы мәліметтерді жинап, өздігінен үйренетін нейрожелі арқылы оларды талдайды. Осы нейрожелі үй жануарының білдіріп тұрған «эмоциясын» анықтайды.

Айта кетейік, патент рәсімдеу процесі 5 жылға дейін созылуы мүмкін.

Baidu компаниясының өкілдері әзірге бұл технологияны қалай қолданатыны туралы жоспарларымен бөліскен жоқ. Ол мобильді қосымша бола ма, әлде басқа форматта жүзеге аса ма – бұл жағы әзірге белгісіз.

Жануарлардың дыбысын тануға бағытталған зерттеулер әлемде бұрыннан жүргізіліп келеді. Солардың алғашқыларының бірі – жапондық ойыншықтар өндіруші Takara компаниясы жасаған иттердің үргенін адам тіліне аударатын портативті құрылғы еді. Кейін компания мысықтарға арналған нұсқасын да ұсынған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары