Өз даңқын естімей өмірден өткен батыр

Өз даңқын естімей өмірден өткен батыр
жеке мұрағаттан

«Ақтөбе облысындағы ауыл мектептерінің бірінде талай жыл ұстаздық еткен мұғалім Ғайниден Өтешов тірі кезінде өзіне «Даңқ» ордені берілгенін білмей кетті». Бұл туралы бізге осыдан екі жыл бұрын Мәскеу болат және қорытпалар институтының профессоры, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандықтар туралы зерттеу жүргізіп жүрген Асылбек Төлешов айтқан еді. Бірнеше жылға жалғасқан, жауынгерлердің сүйегін іздестіру жұмысына белсенді қатысып, ізінше туыстарына хабарлайтын, осы жұмысы үшін «Жыл еріктісі» сыйлығын алған Асылбек Қуантайұлы сол әңгімесінде Әлия мен Мәншүктей ерлік көрсетсе де, елімізде елеусіз қалған батырлар бар екенін сөз еткен болатын.

Асылбек Қуантайұлы – сұрапыл соғыста қаза тапқандарды ғана емес, сонымен қатар елге оралғандардың арасында кім қандай ме­даль алғанын да зерттейтін білікті маман. Сон­дай іздестіру жұмыстары кезінде ол Ақ­төбедегі ауылдық мектептердің бірінде өмі­рінің соңына дейін ұстаздық қызмет еткен Ғай­ниден Өтешовтың «Даңқ» орденімен екі рет марапатталғанын анықтаған.

«Оның І және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орде­ні­мен марапатталғанын тауып алдым. Оның ал­дында ондай деректер болмаған. Енді ғана көр­сетіліп, кімнің қандай медаль алғаны бел­гілі болып жатыр. Ғайниден Өтешов со­ғыс кезінде бірнеше рет жарақат алған. Ең соң­ғы жарақаты ауыр болған соң, Алма­ты­дағы госпитальге жатқызылып, ем-дом қа­былдаған. Бір қызығы, өмір бойы мұғалім бо­лып еңбек еткен ол мұндай орденмен мара­патталғанын білмей, дүниеден өтті. Мен ол туралы Ақтөбенің бірнеше газетіне жаз­дым», – дейді ол батырдың есімін көп­шілік білуге тиіс екенін баса айтып.

Ғайниден Өтешов Ақтөбе облысына қа­расты Мұғалжар ауданы Саға елді мекенінде 1925 жылы 13  қыркүйекте туған. 1930-жыл­дары әке-шешесі қайтыс болған соң, апа-жез­десі Түркіменстандағы Ташауыз облы­сы­на қарасты Ленин ауданындағы Сазанды ауы­лына алып кеткен. Ондағы Коммунист де­ген орта мектепті бітірген соң, 16 жасынан бас­тап сонда сабақ берген. Сосын 1943 жыл­дың ақпан айында әскерге шақырылып, майданға аттанған.

«Әкем 18-атқыштар дивизиясына пу­ле­метші болып қабылданған, майданда ал­дың­ғы шепте жүрген. Прибалтика, Беларусь қа­лаларын, сосын Латвияның Каунас қаласын азат ету ұрысына қатысқан. Соғыс кезінде екі рет жеңіл жарақат алған. Содан соң Не­ман өзені жағалауына бекінген жауды шабуыл­дау кезінде ауыр жарақат алса керек. Сол уақытта I дәрежелі «Даңқ» орденімен мара­патталған екен. Бірақ оны өзі білмеген. Ал­маты қаласындағы госпитальге әскери пойыз арқылы жеткізілген. Сөйтіп, ауыр жарақатына байланысты 1944 жылы әскер қа­тарынан босатылған», – дейді Ғайниден Өте­шовтың үлкен ұлы Талғатқа хабар­лас­қанымызда әкесінің жүріп өткен жолын баян­дап.

Талғат Ғайниденұлы әкесінің гос­пи­таль­ден шыққан бетте өзі майданға аттанған ауыл – Түркіменстандағы Сазанды ауылына ба­рып, ұстаздық қызметін жалғастырғанын ай­тады. Кейін 1946 жылы туған ауылы – Ақ­төбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Са­ға ауылына қоныс аударған. Ондағы мек­тепте мұғалім әрі интернат меңгеруші бо­лып, табаны күректей елу жыл еңбек еткен жауын­гер-ұстаз 1995 жылы жетпіс жасына қара­ған шағында дүниеден озған.

«Мен әкемнің ондай жоғары марапатқа лайық деп танылғанын білмейді екенмін. Әкем­де Жеңістің 40 жылдығына берген бір ғана ордені болды. Өкініштісі сол, әкем тірі ке­зінде сол сұрапыл шайқаста көрсеткен ер­лігі үшін «Даңқ» орденін екі рет алғанын біл­мей кетті. Үйде бір сап-сары, ескі қағаз жа­татын еді. Онда «Наградаға ұсынылған» деп жазулы тұр. Бірақ қандай екені жазыл­маған. Сөйтсек, оған Неман өзені бойындағы шайқас кезінде ерлік көрсеткені және кейін ауыр жарақат алғаны үшін мемлекеттік дең­г­ейдегі осы екі орден ұсынылған екен ғой. Мәскеуде тұратын Асылбек тауып алған соң, барлық құжатты көтеріп, Орталық архивке хат жазған. Содан соң екі жыл бұрын Орал­дағы Ресейдің бас консулдығы мені шақы­рып, салтанатты түрде орденнің дубликаты мен сыртында «КСРО мемлекеттік мара­па­тының төлқұжаты» деп жазылған құжатты ұсын­ды», – дейді Талғат Ғайниденұлы әкесі тірі кезде екі марапаттың жетпей қалғанына әлі де өкінетінін айтып.

Бүгінде Ғайниден Өтешов елу жылға жуық еңбек еткен мектепке естелік тақтайша орнатылған. Талғат аға аудан әкімінің об­лыстық газеттен әкесі туралы оқып-білген соң, бастама көтеріп, жауынгер-ұстаз есімін ұлықтап, мәңгіге қалдыру үшін арнайы тақтайша орнатқанына риза екенін айтады. Алайда сөз арасында оның бір ғана өкініші бар екенін байқадық. Ол әкесі туып-өскен, кейін көп жыл қатарынан шәкірт тәр­бие­леген ауылдағы көшелердің біріне мем­лекеттік марапаты бар екені анықталған соң, әкесінің есімі берілмегеніне қынжы­ла­мын дейді. Бұл іс бір қарағанда оңай болып кө­рінгенімен, әлі күнге дейін шешімін тап­пай келе жатса керек.

«2020 жылы ауыл тұрғындары клубта жи­налыс өткізіп, көше атауына лайық деп та­нып, кейін туған жерінде көше атауы бе­рілсін деп облыстық Тілдер бөліміне қарасты оно­мастикалық комиссияға екі рет ұсыныс жасадық. Нәтиже жоқ. Менің ең басты өкі­нішім сол. Хаттама бойынша аудандық га­зет­ке хабарлама шығару керек екен. Оны да іс­тедік. Комиссия «Уақытында тапсырылған жоқ», «Қазір мораторий жарияланған» деп сан түрлі желеу айтты. Сосын жуырда тағы да клубта жиналыс өткіздік. Жеңістің 80 жылдығына орай бұл іс шешіле ме деп едік, мұнымыздан түк шықпады. Президентке де, облыс әкімдігіне де хат жолдадым», – дейді ол ауыл тұр­ғын­дарының оны қолдап отырғанын айтып.

Үш жыл бұрын Талғат Ғайниденұлының бастамасы бойынша әкесі, өзі туып-өскен ауыл­дағы саябақтың ортасына осы өлкеден сұра­пыл соғысқа аттанған 120-ға жуық жауын­гердің аты-жөні, марапаты, шені жа­зыл­ған стела орнатылған.

«Қазіргінің жастары бұл ерлік туралы көп біле бермейді. Шынын айту керек, бұл мек­тепте де жиі айтылмайды. Сондықтан көп­шілік білсін, көрсін деген оймен осындай сте­ла орнаттық. Біз отбасында сегіз бала тәр­биеленіп-өстік: 4 ұл, 4 қыз. Әкемнің 17 немересі бар, 9 шөбересі бар. Болашақ ұрпақ оның сол майданда қарша жауған оқ пен снаряд­тың арасында жүріп, ашық аспа­ны­мыз, бейбіт заманымыз үшін барын сал­ға­нын біліп жүрсе екен дейсің. Әрі жоғарыда ай­тып өткендей, әкемнің атына өз ауылында кө­ше атауы берілсе екен деген тілегім бар. Ма­ған басқа ештеңенің керегі де жоқ», – дей­ді ол сөз соңында.

Жазып алған

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары