«Таза бейсенбі» акциясы бұқаралық жобаға айналды

«Таза бейсенбі» акциясы бұқаралық жобаға айналды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміз тұрақты түрде жалғасып келеді.

Апта сайын Қазақстанның әр өңірінде аумақтарды тазарту бойынша ауқымды іс-шаралар өтуде. Бұл бастама экологиялық жаңа мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауды үйретуге және қоғамды біріктіруге бағытталған.

Акцияға барлық деңгейдегі депутаттар, партия филиалдарының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, еріктілер мен елге жанашыр азаматтар қатысуда. Өзен-көл жағалаулары, көшелер, саябақтар, ескерткіштер мен мемориалдық нысандардың айналасы тазалануда.

Мәселен, Қызылорда облысы Шиелі ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай партия мүшелері Ұлы Отан соғысының ардагері Имантай Алдабергеновтің есімі берілген көшені ретке келтірді. Сондай-ақ белсенділер қураған шөптерді жинап, гүл отырғызды. Ұйымдастырушылар бұл іс-шараның мақсаты – соғыс қаһармандарының ерлігін есте сақтау және өскелең ұрпаққа олардың есіміне деген құрметті сіңіру екенін атап өтті.

– Бүгін біз майдангер Имантай Алдабергеновтің есімімен аталатын көшені тазаладық. Бұл – оның ерлігіне деген тағзым. Батыр арамызда болмаса да, аты мәңгі жадымызда. Бұл жер әрдайым таза әрі ұқыпты болуы керек деп ойлаймыз. Себебі тазалық – алғыс айтудың бір белгісі, – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова.

Ал Жетісу облысының Ақсу ауданында өткен «Таза бейсенбі» акциясына 230-дан астам адам, соның ішінде студенттер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Олар қоғамдық орындарды тазалап, 10 тоннадан астам қоқыс жинады.

Атырау облысында Құрманғазы ауылындағы партия филиалының аумағында ағаш отырғызылып, айнала тазаланды. Игі іске филиал қызметкерлері, депутаттар мен жастар белсене қатысты.

Ұлытау облысының Терісаққан ауылында шамамен 50 адам бір күннің ішінде 100 қап қоқыс жинады. Партия мүшелері мен ауыл тұрғындары ағаштардың түбін әктеп, жиектастарды бояп, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтірді.

– Біз үшін ауыл тазалығы – тек сыртқы көрініс емес, бұл – жерімізге, бір-бірімізге деген құрмет. Мұндай іс-шараларға бірге қатысқанда, маңызды бір істі атқарып жатқаныңды сезінесің. Балаларымыз бен немерелеріміз таза, көрікті ауылды көріп өссе екен, олар да туған жерін сүйіп, бағалай білсін дейміз, – деді Терісаққан ауылының тұрғыны Нұрлан Омарбеков.

Маңғыстау облысы Шетпе ауылында аудандық мәслихат депутаттары, «Шетпе» және «Ұштаған» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері 20-дан астам терек көшетін отырғызып, 120 келі қоқыс жинады.

Шымкент қаласында 100-ден астам адам Қошқар-ата өзенінің жағалау аумағын тазалады. 1 тоннаға жуық қоқыс жиналып, коммуналдық қызметтердің көмегімен жұмыстар атқарылды. Партия мүшелері мұндай тазалық жұмыстары тек экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, қала тазалығына деген жауапкершілікті қалыптастыратынын атап өтті.

Айта кетейік, осындай акциялар еліміздің барлық өңірлерінде өтуде. Өткен жылдың маусым айынан бері «Таза бейсенбі» аясында 120 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 100-ден астам өзен-көл мен су айдындары тазартылды. Игі іске ел бойынша 70 мыңнан астам адам қатысты. Бұл деректер акцияның жалпыхалықтық сипат алғанын және тазалық пен табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетінің қазақстандықтардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары