Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті шетелде демалғысы келетін азаматтарға арналған маңызды ақпаратты жариялады, деп хабарлады turkystan.kz порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, «Е-лицензиялау» мемлекеттік электрондық реестрінде қазіргі таңда Қазақстанда 11 914 турагент пен 634 туроператор тіркелген.
Министрлік туристік қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, лицензиясы бар туроператорлар, тіркелген турагенттер, гидтер, экскурсоводтар мен туристік нұсқаушылардың жаңартылған тізімін ресми интернет-ресурстарда жариялап отырады.
«Азаматтарға туристік компанияны таңдағанда тиісті құжаттарының бар-жоғын тексеруге кеңес беріледі. Атап айтқанда, турагенттік қызмет туралы хабарлама мен туроператордың жарамды лицензиясының болуын нақтылау қажет», – деп мәлімдеді ведомстводан.
Туристердің құқығын қорғаудың маңызды құралдарының бірі – ТурКод жүйесі. Бұл – әрбір ресми турдың расталғанын білдіретін бірегей әріп-санды код. ТурКод арқылы турист өз сапарының қауіпсіздігіне, оның ішінде ұшу мен тұру ақысының төленгеніне көз жеткізе алады. Егер туроператор өз міндетін орындай алмаса немесе төтенше жағдай туындаса, ТурКод иелері елге қайтарылуына кепілдік алады.
Министрлік бұл шаралар туристік саланың ашықтығын арттырып, тұтынушылардың мүддесін қорғауға және қазақстандық туристік компанияларға деген сенімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.