Қазақстан мен Вьетнам қорғаныс министрлері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Вьетнам қорғаныс министрлері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Gov.kz

Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламның мемлекеттік сапары аясында қорғаныс министрлерінің кездесуі өтті.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Вьетнам Социалистік Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі армия генералы Фан Ван Зянгпен келіссөздер жүргізді.

Генерал-полковник Р. Жақсылықов вьетнамдық әріптесін көрнекті қайраткер Хо Ши Миннің туғанына 135 жыл толуымен құттықтады.

Ынтымақтастық мәселелерін талқылау кезінде тараптар бітімгерлік, әскери білім беру және әскери-техникалық саладағы өзара іс-қимыл сияқты перспективалы бағыттарды атап өтті.

Армия генералы Фан Ван Зянг Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен танысуға қызығушылық танытып, биылғы жылы вьетнамдық мамандардың біздің елге жоспарланған сапары туралы хабарлады.

Қазақстан Қорғаныс министрі армия генералы Фан Ван Зянгты Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге шақырды.

Сапар барысында Вьетнам делегациясы КСРО заманының көрнекті әскери қайраткері генерал-лейтенант Жансен Кереевке арналған экспозициямен танысты. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында ол Вьетнам Халық армиясы штабының аға кеңесшісі және Вьетнам Қорғаныс министрлігі әскери кеңесі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Генерал-лейтенант Ж. Кереев Вьетнам Социалистік Республикасының қорғанысын нығайтуға, сондай-ақ оның Қарулы күштерін қалыптастыруға барынша көмек көрсетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары