Қызылордада дәрігерлер науқастың кеудесінен 10 сантиметр сым алды

/
Қызылордада дәрігерлер науқастың кеудесінен 10 сантиметр сым алды
Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында сол жақ кеуде тұсынан жансыз затты алу бойынша торакоскопия отасы жасалды.

Аурухананың баспасөз қызметі хабарлағандай, 47 жастағы Қызылорда тұрғыны облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған ашық есік күнінде дәрігер кеңесіне жүгінген. Науқас сол жақ кеуде тұсы ауыратынын айтып шағымданған. 

— Мамандар зерттей келе оның денесінде ұзындығы 10 сантиметрге жететін сым барын анықтады. Науқасқа бұған дейін басқа ауруханада ота жасалып, оң жақ бұғана сүйегінің сынығына байланысты металл конструкция орнатылған. Сол кейін жылжып кетіп, жанына батып жүріпті. Кезекті ота кезінде мамандар жансыз затты алып тастады. Ота сәтті өтті. Науқастың жағдайы жақсы. Толық ем қабылдағасын үйіне шығарылады. Белгілі бір уақытқа дейін емхана бақылауында болады, — деді аурухананың баспасөз қызметінің маманы Гүлбану Мақажан.

Отаны аурухананың хирургия-2 бөлімінің меңгерушісі Бекет Мантаев ассистенті Рауан Жәлімбетовпен бірге жасады. Сондай-ақ оған анестезиолог Ғабит Дүйсен қатысты. 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары