"Сіздер шешпейсіздер": Леңгірде сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта шу шықты

"Сіздер шешпейсіздер": Леңгірде сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта шу шықты
Видеодан скриншот

Түркістан облысында сөйлеу қабілеті бұзылған және ақыл-есінде кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттан шу шықты, деп хабарлайды turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Төлеби ауданындағы №2 интернатына ойда-жоқта келген арнайы комиссия денсаулығы жарамсыз балаларды жаппай «қарапайым мектепке жіберілсін» деп, интернаттан шығара бастаған.

Ата-аналар бұл онсыз да жарымжан балалардың құқын таптау десе, интернат қызметкерлері балаларды әдейі таратып мектеп ғимаратын бәз біреулерге бермекші деп санайды. Төлеби ауданының орталығы Леңгірде орналасқан №2 мектеп интернаты қазір араның ұясындай гуілдеп тұр. Тілінің мүкісі бар балалардан бастап, сал ауруы мен аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары ұл-қызын суыт жеткен комиссия түгел интернаттан шығарып, қарапайым мектепке қуып жатыр дейді.

Әлия Үсіпбек, Түркістан облысының тұрғыны:

— Баламды 1-сыныпта қарапайым мектепке бергем. Үш ай барды, үйге жылап қайтады. «Бармаймын» дейді. Сүйреп апарған кезім де болды. Мазақтайды. Апайы: «сіздің балаңыз түк қақпайды, оқытайын десем, ұйықтап қалады» дейді. Ал бұдан үлкен сыныптағы балам «мектепте бәрі кемсітеді, мен намыстанамын, інімді сөйтіп кемсіткеніне» дейді.

Ақыл-есінде кемістігі бар баланы «жай мектепке жіберу — бала құқын таптау» дегенге мұндағы ұжым да қосылады. Себебі, шәкірттерінің көпшілігі өз әрекетіне жауап бере алмайды екен. Жалпы соңғы бірер айда интернатты жабады екен деген қаңқу сөз жиілеген. Бұл шындыққа айналса, 150 қызметкер жаппай жұмыссыз қалады.

Эльмира Ешматова, тәрбиші:

— «Интернатты жабады екен, жайлы мектеп соғады екен» деп естіп жатырмыз. Нақты колледж соғылады екен деп. Бірақ нақты өзімізге ешкім айтқан жоқ. Бірақ енді мына балалардың барлығын комиссиядан өткізіп, бәрін шығарып жатқанынан кейін біз сол күдіктің расталып жатқанын көріп отырмыз.

Комиссия отырған кабинетке наразы ата-аналар басып кіргенде, тексерушілер абдырап қалды. Тіпті кейбірі толтырып отырған құжатын жыртып, жан-жағына лақтыра бастады. Министрліктің бұйрығы бойынша, тілінде ғана мүкісі бар балаларды ғана жай мектепке ауыстырамыз дейді.

Гүлнұр Исламқызы; Төлеби ауданы психология, медицина, педагогикадан кеңес беру мекемесінің меңгерушісі:

— Бар мектепте жеңіл дәрежедегі тіл бұзылысы бар балалар дар, соларды да мектепке жіберіп жатырмыз. Олар мектепте толық көмек алады, психологиялық көмек. Себебі заң шыққан, сондай. Сіздер шешпейсіздер. Ол заң бойынша шешіліп қойған. Ол жерге біз қорытынды берсек, мектепке барған балаға мектеп жайлы жағдай жасайды. Түсінесіздер ме?

«Әлі ешкімді шығармадық» дегенімен, сол жердегі ата-аналар комиссияның шығарылсын деген қортындысы бар, мөр басылып, қол қойылған анықтамаларды көрсете бастады. Жарымжан баланың құқын таптап жатыр деген ата-ана мен 60 жылдық тарихы бар мектеп-интернат ұжымы енді комиссияның әрекетіне қатысты жаппай Бас прокуратураға арыз жазбақ. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары