Астанада дәрігерлер үш айлық қыздан миындағы алып көлемді ісікті алып тастады, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Сәбидің анасы айтқандай, қыз бала уақытында туылып, қалыпты дамыды. Алайда, екі айлығында жиі құсу, ембеу, терісінің көгеруі және қатты мазасыздық симптомдары пайда болған.
Ультрадыбыстық зерттеуде төбе-қарақұс аймағында сұйықтық түзілуі анықталып, кейінірек жүргізілген КТ сол жақ төбе бөлігінде көлемді ісікті растаған. Содан кейін МРТ мидың функционалды маңызды аймақтарында орналасқан 5,6× 4,2 см көлеміндегі ісікті көрсетті.
"Ісікті алып тастауды біз микрохирургиялық әдіспен жасадық. Қазір қыз бала операциядан кейінгі емдеуден өтіп жатыр және өзін жақсы сезінеді. Құспайды және жалпы жағдайы жалпы жақсарып келеді", - деді Ұлттық нейрохирургия орталығының Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ғабит Өлеңбай.
Ғабит Өлеңбайдың айтуынша, операция өте күрделі болды. Өйткені ісік баланың миының жартысына жуығын алып жатты, қан жоғалту қаупі өте жоғары болды.