Ақмола облысында үш жігіт жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестік аумағынан ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектерін ұрлаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Келген шығын көлемі 39 миллион 627 мың теңгеге бағаланды.
Қылмыс биылғы жылдың сәуір айында Егіндікөл ауданында тіркелген. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері комбайндарға тиесілі бөлшектерді ұрлады деген күдікпен үш азаматты ұстады. Тергеу барысында бөлшектердің 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің аумағынан жүйелі түрде ұрланғаны анықталды.
Криминалдық полиция қызметкерлері арнайы жасақтың қолдауымен Егіндікөл ауданында 35, 30 және 25 жастағы үш күдіктіні ұстады. Алдын-ала мәлімет бойынша, 30 жастағы ақмолалық күдікті қыс мезгілінде шананың көмегімен серіктестік аумағынан қосалқы бөлшектерді шығарып, кейіннен екі сыбайласымен бірігіп, Атбасар ауданындағы сатып алушыға өткізген.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде ұрланған барлық бөлшектер табылып, заттай дәлелдеме ретінде іске тіркелді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің толық мән-жайы анықталуда.