Қарағандыда полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматты құтқарып қалды, - деп хабарлайды turkystan.kz.
30 сәуірде Қарағанды қаласының жедел басқару орталығына Майқұдық ықшам ауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің шатырында ер адамның өзіне қол салуға оқталып тұрғану туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жеткен жасақ құрамында взвод командирі Құсайын Сметов, инспекторлар Нұрбек Көкенов пен Самат Ысқақов болды.
Жағдайдың аса күрделі екенін жете бағалаған тәртіп сақшылары нақты әрі шұғыл әрекет ету жоспарын құрды. Бірі төменде қалып, ер адаммен тілдесе отырып оның назарын аударса, қалған екеуі шатырға көтеріліп, оқиғаны бақылауға алды.
Өз-өзіне қол жұмсамақ болған 29 жастағы тұрғын терең психоэмоциялық күйзеліс жағдайында болған.
Қолайлы сәтте полицейлер ер адамға жедел жетіп, оны қауіпсіз жерге алып шықты.
Оқиға орнына шақыртылған медициналық жедел жәрдем қызметі ер адамның дене жарақаттары жоқ екенін анықтады.
Эмоционалдық жағдайы тұрақталғаннан кейін ол одан әрі тексеру үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Алдын-ала мәлімет бойынша, тұрғын тұрмыстық қиындықтар салдарынан осындай әрекетке барған.