Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары тарихи отанына көшкен жерлестеріміздің көп шоғырланған елі – Германия. 96 жастағы Яков Нусс та 30 жыл бұрын тарихи отанына оралғандардың бірі. Ақсақал қазақ даласында өткен күндерін сағынышпен еске алды, деп хабарлайды 24KZ.
Телеарнаның хабарлауынша, анасы және әпкелерімен бірге жүк пойызымен бірнеше апта жол жүріп, қазақ даласына жеткенде Яков небәрі 12 жаста еді. Сол жылдары елімізге күштеп жер аударылған мыңдаған неміс отбасының баспана түгілі, ішерге асы, киерге киімі жоқ болатын. Бірақ сол кезде қол ұшын созған қазақ халқы олардың үмітін қайта оятты.
"Қазақтар болмағанда, біз аштан өлер едік. Олар соңғы наны болса да, бізге бөліп беретін. Мен мұны ешқашан ұмытқан емеспін және ұмытпаймын. Қазақ ештеңесін аямады, қолындағысының барын берді. Қазақтардың жан жылуының арқасында көптеген неміс аман қалды", - дейді Германия тұрғыны Яков Нусс.
Германияға оралғанына 30 жыл өтсе де, қарияның қазақшасы әлі күнге дейін судай. 96 жастағы Яков Нусс қазақтың кең даласын сағынғанда қазақстандық достары сыйға тартқан сүйікті шапанын киеді.
Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен қария көпті көргенін, бірақ дәл қазақтар көрсеткен мейірім мен қонақжайлылықты еш жерден кездестірмегенін айтты.
l"Мен қазақтармен туғанымдай жақын араластым. Қазір Қостанайға барсам, өзімді үйдегідей сезінетінімді білемін. Әр отбасы қыстың суығы, жаздың аптап ыстығы болсын, оған қарамайды. Барлығы: "Яшка, үйге кір", - деп құшақ жайып қарсы алады. Мұндай қарым-қатынасты қалай ұмытуға болады? Қазақ еліне шын жүректен бейбіт аспан тілеймін", - деді ақсақал.
Телеарна мәліметінше, қазір Германияда 1 млн-ға жуық қазақстандық неміс тұрады. Олар қазақ тілінде сөйлеп, қазақ дәстүрін құрметтеп, ұлттық тағамдарды әзірлейді. Бұл қиын-қыстау заманда қамқорлық танытып, барымен бөліскен қазақ халқына деген шынайы алғысы іспетті.