Корей газетінің жарты ғасыр бойы үзбей шығуы – елдегі татулықтың нышаны – Константин Ким

/
Корей газетінің жарты ғасыр бойы үзбей шығуы – елдегі татулықтың нышаны – Константин Ким

Жүз елуден астам ұлт өкілдері бүгін Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлап жатыр. Соның ішінде корей халқы көпұлтты еліміздің бірлігін, татулығы мен келісімін сипаттайтын осынау мерекеде тілек жолдап, құттықтауларды жаудыртып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға былтыр жасаған алғашқы мемлекеттік сапары кезінде «Қазақстанда тұратын 120 мың этникалық корей ұлтының өкілдері екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады және оған өлшеусіз үлес қосады» деген болатын. Осы орайда Turkystan.kz сайтының тілшісі «Коре Ильбо» республикалдық кәріс газетінің бас редакторы Константин Кимге хабарласып, аз-кем әңгімеге тартқан болатын.

«1 мамыр – бұл жай ғана мереке емес, көп ұлтты Қазақстан мемлекетінің бірлігін паш ететін маңызды дата. Біз бұл күнді әрдайым әріптестерімізбен, отбасымызбен атап өтеміз. Тауға да шығамыз. Қазақстан халқын ортақ тарих біріктіреді. Сондықтан бұл мерекенің мағынасы терең. Жүзден астам этнос тату тұратындықтан мұндай мерекенің болуы керек. Көктем – жаймашуақ мезгіл. Қазақстан халқы жаппай бұл мерекені қуана-қуана тойлайды. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін қуанатын күн. Түрлі мәдени шараға барамыз. Киіз үй тігіледі. Әр этнос өз ерекшелігін байқатады. Оның ішінде корей этносы да ерекше атап өтеді, олар мұндай іс-шаралардан еш қалыспаған», – дейді ол.

Константин Ким жетекшілік ететін «Коре Ильбо» газеті – Қазақстанда 1938 жылдан бері үзбей шығып келе жатқан басылым. Оның айтуынша, бұл газеттің ғасырға жуық уақыт үзбей шығуының өзі – Қазақстанда өмір сүретін этностарға деген асқан қамқорлық пен айрықша қолдаудың, бірлік пен татулықтың нышаны.

«Коре Ильбо» газеті 1923 жылы Ресейдің қиыр шығысында, кәрістер шоғырланған Владивостокта шыға бастаған. 1937 жылы газет ұжымы Қызылордаға депортацияланған. 1938 жылы 15 мамырда Қызылордада газеттің бірінші нөмірі шықты. Содан бері үзбей шығып келеді. Тіпті Ұлы Отан соғысы кезінде де, 90-жылдарда да жұмысын тоқтатпаған. Биыл газетімізге 102 жыл толады. Біздің газет – Кореядан тыс жерде шығатын ең ескі басылым. Мұндай газет тек Қазақстанда ғана сақталып қалды.  Бұл нені білдіреді? Біріншіден, Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарына барлық жағдай жасалып отырғанын білдіреді. Екіншіден, Қазақстанды мекен еткен өзге этностарға деген қарым-қатынастың қандай екенін көрсетеді. Шынында бізде – татулық пен теңдік салтанат құрып тұр. Мұндағы әр этнос өзінің мәдениетін сақтап, дамыта алады. Газет редакциясы 1978 жылы Қызылордадан Алматыға қоныс аударған. Аптасына бір рет, үш тілде шығады: қазақ, орыс, кәріс. Қазір штатта 10 шақты адам бар. Одан бөлек өңірлерде, Оңтүстік Кореяда, Ресей мен Өзбекстанда тілшілеріміз бар. Өзім 2009 жылдан бері бас редактор қызметін атқарып келемін», – дейді Константин.  

Константин – Қазақстандағы кәрістердің үшінші буыны. Өзі де, әке-шешесі де осында туған.

«Ата-әжелерім 1937 жылы қазіргі Жетісу облысының Үштөбе стансасына депортацияланған. Сол заманда қазақ халқы өзі қиналып, әрең күнін көріп жүрсе де, кәрістерді жақсы қарсы алғанын, соңғы нанын бөліскенін ата-әжелерім үнемі айтып отыратын. Қазақтар қарттарды, әйелдер мен балаларды өз үйлеріне алып кеткен. Менің ата-әжелерім не қазақ, не орыс тілін білмеген. Жергілікті қазақтар да кәріс тілін білмейді. Бірақ сонда да тіл табысып, бірге жұмыс істеп, ары қарай біте қайнасып кеткен. Мен – қазақстандық кәрістердің үшінші буынымын. Әке-шешем – Қазақстан тумалары, мен де осында дүниеге келдім. Шешем 5 ағайынды, әкем 6 ағайынды», – дейді ол.

«Осы ретте баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күні секілді айрықша мерекемен құттықтаймын! Ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! Әр шаңырақта татулық пен өзара түсіністік болсын!», – дейді Константин сөз соңында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары