"Өрмекшінің торы мен зең басқан киім ауыстыратын бөлмелерін қараңыздаршы": Астаналық бапкер "Атырау" клубының стадионы жайлы

"Өрмекшінің торы мен зең басқан киім ауыстыратын бөлмелерін қараңыздаршы": Астаналық бапкер "Атырау" клубының стадионы жайлы
ашық дереккөз

«Астана» футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаян «Атырауға» қарсы ойыннан соң өз ойын ортаға салып, ондағы стадионның жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

– Күткендей қиын матч болды – тартыс пен жекпе-жек көп болды. Біз ротация жасадық, өйткені үш күнде үшінші ойынымызды өткіздік. Бастапқы құрамда алдыңғы матчта алаңға шықпаған бес ойыншы ойнады – себебі сол ойында жүктеме жоғары болды. Бүгін алаңның сапасы комбинациялық футбол көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан ойында көп күрес пен бейберекет сәттер болды. Дегенмен ең маңыздысы – біз кейінге қалдырылған бұл кездесуде аса құнды үш ұпайды иелендік. Осы орайда бізге жағдай жасап, кездесуді ұйымдастыруға көмектескені үшін «Атырау» клубының басшылығына алғыс білдіремін, – дейді Г.Бабаян.


Бапкер астаналықтардың «Атыраудан» сәл жақсырақ көрінгенін, алайда мұндай алаңда басымдық орнатып, сәттер жасау мүмкін емес екенін тілге тиек етті.

"Өткен маусымда одан нашар алаң болмайтын шығар деп ойлаған едік, бірақ қателесіппіз. «Атырау» командасының күнде осы жерде жаттығатынына сену қиын. Киім ауыстыратын бөлмелер мен стадионның жағдайына қараңыздаршы. Біздің бөлмеде зең мен өрмек торы бар – сөз жоқ. Матч алдында жаңбыр жауса екен деп күттік, қатты үміттендік, себебі мұнда суару жүйесі жоқ, ал құрғақ алаң – жарақат алу қаупін екі еселейді. Бірнеше ойыншы бұл стадионда алғаш рет болды, жағдайды көріп шошып кетті. Үміттенемін, жақын арада мұндағы алаң, стадион ішіндегі бөлмелер, киім ауыстыратын орындар мен жанкүйерлерге арналған жағдайлар ретке келеді. Өйткені мұндай ахуал – легионерлердің де, жалпы футболды сүйетін көпшіліктің де көз алдында қазақстандық футболдың абыройына көлеңке түсіреді", – дейді Г.Бабаян.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары