Ұлы Жеңісті мәңгі есте сақтау – бұл тек өткенге деген құрмет қана емес, болашаққа бағдар. Нацизмді жеңуге елеулі үлес қосқан Қазақстан: тарихи шындық халықтарды бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы күресте біріктіруге тиіс екенін мәлімдейді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев айтты.
Партия Хатшысы Мәскеуде өткен «Нацизмге қарсы Жеңістің маңызы. БҰҰ құрылуының сабақтары» атты халықаралық симпозиумда сөз сөйледі. Іс-шара «Единая Россия» партиясының «Тарихи жад» жобасы аясында ұйымдастырылып, онда әлемнің ондаған елінен келген саясаткерлер мен сарапшылар бас қосты.
Өз баяндамасында Ержан Жылқыбаев Ұлы Отан соғысында қазақстандықтардың Жеңіске жетуге қосқан үлесін атап өтіп, Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанғанын, олардың 600 мыңнан астамы қаза тапқанын еске салды. Сондай-ақ ол республика майдан үшін маңызды тылға айналып, әскерді қажетті ресурстармен қамтамасыз еткенін айтты. Мәселен, он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылған.
Спикер тарихи жадыны сақтау тақырыбына ерекше назар аударды. Ержан Жылқыбаев соғыс ардагерлерінің ерлігін мәңгі есте сақтауға бағытталған «AMANAT» партиясының жобалары туралы айтты: батырлар туралы кітаптар басылып шықты, ардагерлерге тиісті қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтіліп жатқанын жеткізді.
«Ел аумағында ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне айрықша құрмет көрсетілуде. Сондай-ақ патриоттық акциялар, ерлік сабақтары ұйымдастырылуда. Ескерткіштер мен Даңқ мемориалдарын, «Мәңгілік алау» айналасын, батырлар жерленген жерлерді абаттандыру іс-шаралары өткізілуде. «AMANAT» партиясы Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың жанқиярлық ерлігі, Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлесі туралы тарихи шындықты келер ұрпаққа жеткізу жұмысын жалғастыра береді», – деді ол.
Ержан Жылқыбаев қазіргі сын-қатерлерге тоқтала отырып, БҰҰ-ның бейбітшіліктің кепілі ретіндегі маңызын атап өтті. Ол Қазақстанның бітімгершілік миссияларына белсенді қатысатынын еске салды: бүгінде Африка мен Таяу Шығыстағы БҰҰ-ның миссияларында 158 қазақстандық әскери қызметші өз міндетін атқаруда. Голан биігіндегі дербес бітімгершілік миссиясы арқылы Қазақстан Орталық Азияда толыққанды бітімгершілік контингенті бар елдердің қатарына енді.
«Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Сондықтан Қазақстан жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған барлық бастаманы қолдайды. Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешімдер – еліміздің бейбітшілік қағидаттарына адалдығының айғағы», – деді партия Хатшысы.
Сондай-ақ Ержан Жылқыбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру бастамасына делегаттар назарын аударды. Бұл орталық халықаралық ынтымақтастықты, экономикалық интеграцияны және тұрақтылықты нығайтуды қамтамасыз ететін маңызды алаң болмақ.
Айта кетейік, «Единая Россия» партиясы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Нацизмге қарсы Жеңістің маңызы. БҰҰ құрылуының сабақтары» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырды. Партия өкілдер симпозиумге қатысушы елдердің делегацияларымен бірге тарихи жад, қазіргі әлемдегі БҰҰ Жарғысы қағидаттары мен нормаларының орталық рөлі мәселелерін талқылады. Іс-шараға «Единая Россия» партиясының төрағасы Дмитрий Медведев, партияның бас кеңесі хатшысы Владимир Якушев, сондай-ақ Қытай, Сербия, Болгария, Әзербайжан, Алжир, Түрікменстан, Тәжікстан және өзге де елдердің партиялары мен парламенттерінің өкілдері қатысты.