Солтүстік Қазақстан облысының су тасқынынан зардап шеккен Тепличное және Большая Малышка ауылдарында Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау және ұрлық-қарлықтың алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
"6637 әскери бөлімі су басқан аумақтарға қызмет етуге келді. Біздің мақсатымыз — иесіз қалған үйлерде ұрлықты болдырмау және азаматтарымыздың қауіпті аумақта тап болмауын қадағалау. Біз әрдайым халықтың жанындамыз”, - деді Ұлттық ұлан сарбазы Жасұлан Рахманов.
Күн сайын су басқан аймақта 50 әскери қызметші патрульдік қызмет атқарады. Олардың басты міндеті — су басқан аумақтарға рұқсатсыз адамдардың кіруіне жол бермеу, төтенше оқиғалар кезінде жедел әрекет ету. Ұландықтар қоғамдық тәртіпті сақтау барысында жергілікті билік өкілдерімен және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, тұрғындардың қауіпті аймақтарға өтуін немесе суға түсіп кетуін болдырмау үшін сақтық шаралары қолға алынған.
24 сәуірден бері Ұлттық ұлан Академиясының 800-ден астам курсанты мен 6637 әскери бөлімінің 400-ге жуық әскери қызметшісі СҚО-да бөгеттерді нығайту және қорғаныс шептерін тұрғызу жұмыстарына тартылды.
Сондай-ақ, Есіл өзенінің тасуы салдарынан бұзылған Большая Малышка ауылы маңындағы бөгетті 100-ден аса әскери қызметші қайта бітеп, бекіту жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар тәулік бойы үздіксіз атқарылып, жағдай өзгерген сайын жедел әрекет етілуде.
Әскери қызметшілер бүгін де тәулік бойы қызмет атқарады. Олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, су басқан аумақтардағы мүлікті күзетуде.