Осакадағы EXPO 2025 көрмесіндегі Қазақстан павильоны жүз мыңыншы қонақты қарсы алды

Осакадағы EXPO 2025 көрмесіндегі Қазақстан павильоны жүз мыңыншы қонақты қарсы алды

26 сәуірде EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны жүз мыңыншы келушіні қарсы алды. Ол – Нара қаласының 37 жастағы тұрғыны, жапондық Жеке қаржылық бастамалар қауымдастығының жоба менеджері Акиба Акихито.

«Мен павильондарыңыздың 100 мыңыншы қонағы болғаныма өте қуаныштымын, бұл мен үшін күтпеген тосын сый! Мен павильонның контенттік мазмұнына, атап айтқанда Қазақ хандығының қалыптасу тарихына және тарих пен жаңа технологиялардың үйлесімін көріп таңғалдым. Тамыры тереңге жайылған тарихтарыңызды ұмытпай, болашаққа деген көзқарастарыңыздың тамаша үлгісі – «ALEM» құрылғысы. Ұйымдастырушыларға жылы лебіздері үшін және таңғажайып елдің бай мәдениеті мен тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік алғаным үшін рақмет. Қазақстанның мәдениетімен танысу үшін Қазақстанға барып Түркістанды көргім келеді», деді Акиба Акихито.

Қазақстан павильоны мен еліміздің атынан жүз мыңыншы қонақты Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев құттықтады.

Акиба Акихитоға Karavansaray Turkistan туристік кешеніне екі адамға арналған сертификат пен естелік кәдесыйлар табысталды.

Келушілер санын есептеуді жапондық EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесін өткізу қауымдастығы арнайы жабдықтың көмегімен жүргізеді. Қауымдастық мамандарының айтуынша, павильон шағын болғанымен, қазақстандық экспозиция көрме қонақтарына ойластырылған контентімен және жоғары технологиялық экспонаттарымен қызықты.

Павильон контенттік мазмұнына, атап айтқанда тарихқа, мәдениетке, экономикалық көрсеткіштерге, экожүйеге, туризмге, инновацияға және т.б-ға аса ден қойылып әзірленген 4 аймақтан тұрады. Шаңырақ символына негізделген тұжырымдама интерактивті аймақтарды біріктіреді: көп қырлы мұраны ашатын 3D мэппингтен бастап, келушілердің жүздері біртұтас визуалды кенепке біріктірілген иммерсивті проекциялық шоуға дейін. Экспозицияның әрбір элементі Қазақстанның экология, туризм, инновация және тұрақты даму саласындағы әлеуетін зерттеуге тартатын қонақпен диалог іспеттес.

Сонымен қатар павильон елдің инвестициялық және экономикалық әлеуетін көрсетеді: негізгі салалар, табиғи ресурстар, туристік және инновациялық әлеует, «жасыл» энергетика және тұрақты даму саласындағы жетістіктер ұсынылған. Сондай-ақ ағзаларды трансплантациялау және оқшауланған органдарды емдеу саласындағы жетістік – «ALEM» (Astana Life Ex-situ Machine) инновациялық құрылғысы ұсынылды. Жетекші қазақстандық медициналық зерттеушілер мен инженерлер әзірлеген «ALEM» оқшауланған ағзада қажетті араласулар мен мақсатты емдеу жүргізу мүмкіндігімен донорлық мүшелерді 24 сағаттан артық сақтауға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Жапонияның Осака қаласында Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі басталды. Ауқымды іс-шара жұмысына 158 ел мен 9 халықаралық ұйым атсалысып жатыр. Көрме 13 сәуірде басталып, 2025 жылдың 13 қазанына дейін жалғасады. Таңдау арнайы дайындалған жасанды Юмешима аралына түсті, себебі осы деңгейдегі іс-шараға лайық алаң деп танылды. EXPO-ның басты тақырыбы – «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру», ол мынадай үш бағыт арқылы ашылады: «Өмірді құтқару», «Мүмкіндіктерді кеңейту» және «Өмірді біріктіру».

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары