Оңайгүл Тұржанның 70 жас мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Оңайгүл Тұржанның 70 жас мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақын, ғалым Оңайгүл Тұржанның 70 жас мерейтойына арналған «Қазақстандағы РR мен жарнама мәселесінің өзекті қырлары және даму үрдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын ҚР Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Омаров, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын Сенат Төрағасының кеңесшісі Жасұланбек Майлыбаев, Қазақстандағы ғылыми қауымдастықтың құттықтауын Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов жеткізді. Сондай-ақ Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың құттықтауы мен естелік сыйлықтары табысталды.

Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек оқып берді. Сондай-ақ ол мерейтой иесінің өнер және ғылым жолындағы дара қолтаңбасына тоқталды.

«Оңайгүл Ізтұрғанқызы төл өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол кісінің «Теңіздер де шөлдейді», «Ағаштар үнсіз өседі» сияқты жинақтарын жастанып оқымаған жыр сүйер қауым аз шығар. Ақын шығармаларын кезінде руханиятымыздың абызы, абыз Әбіш көкеміз, жыр падишасы Фариза Оңғарсынова апамыз биік бағалағанын айтпай кетуге болмас. Ол ұлттық ғылымда да өз қолтаңбасын қалдыра алды. Ғибратты ғалым ретінде Махамбет батырдың мұрасын жаңғыртты, ұлағатты ұстаз ретінде қаншама шәкірт тәрбиеледі. Сол арқылы ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетті», – деп қосты «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Сонымен қатар конференция жұмысы барысында Ресей, Түркия және отандық жоғары оқу орындарының өкілдері баяндама жасады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, публицист-жазушы Шархан Қазығұл, филология ғылымдарының кандидаты Нағбду Қамарова, РһD ғылым докторы Алма Сайлауқызы және шетелдік ғалымдар Клеопатра Филипова де Хорхе (Испания) Ашур Өздемир (Түркия) мерейтой иесінің мерейін асырды.

Іс-шарада қоғаммен байланыс, имиджелогия, ақпараттық иммунитет және ақпараттық шабуыл, мәдениетаралық коммуникация, менеджмент бағыттары бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Жаһандық өзгерістер жағдайында осы мәселелер бойынша жоғары білім сапасын қамтамасыз ету ісіне мән берілді. Сондай-ақ Оңайгүл Тұржанның қайраткерлік қыры, оқытушылық қызметі мен ғылыми еңбектері дәріптелді.

Бұған қоса, конференцияға қатысушылар назарына Оңайгүл Тұржанның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм ұсынылды. Сонымен қатар «Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясын зерттеуде қолданған методологиясы мен логикалық тұрғыдан жобалау ерекшеліктері» атты кітабының тұсауы кесілді. Ғылыми кеңестің шешімімен Оңайгүл Тұржан ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ең жоғары наградасы «Күлтегін» медалін марапатталды.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары