Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданында республикалық мобильді көшпелі қабылдау өтті. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілі Азамат Жолданбаев пен «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов бастаған топ құрамында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, денсаулық сақтау басқарма басшылары мен өкілдері, мәслиқат депутаты мен Әділет департаменті мамандары мен заңгерлер қатысты.
Қабылдауға 30-ға жуық аудан тұрғыны өтініш білдірді. Азаматтар жеке де, жүйелі де мәселелерді көтерді. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан бастап алименттер төлеу, ауыл шаруашылығын субсидиялау, мүгедектік мәселелері және тұрақты жұмысқа тұру, елді мекендерді газдандыру мен Қосүйеңкі ауылына жаңадан клуб салу сияқты тақырыптар қамтылды.
Мәселен, ауданға қарасты Екпінді ауылының тұрғыны Ғабиден Шеңгелбаев ауылды газдандыруға қолдау көрсетілсе деген өтініш білдірді.
«Қазір «AMANAT» партиясы елді мекендерді газдандыруға үлкен қолдау көрсетіп жатқанын естіп жүрміз. Біздің ауылымызда да мыңнан астам халық тұрады. Қыстай от жағып, күл шығарып қиналамыз. Ауылымызға табиғи газ қосуға көмек болса», – дейді ауыл тұрғыны.
Аталған мәселе бойынша мамандар аудандық әкімдік тарапынан қолдау көрсету мақсатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шарушылық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылғанын айтып, алдағы уақытта бағытта жұмыстар жасалатынын айтып жеткізді.
Мобильді қабылдау барысында тұрақты жұмыс іздеген бірқатар азаматтардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіліп, заңгерлік кеңестер берілді.