Шымкентте «Бір сұраққа – бір кітап» акциясы аясында тұрғындарға 100 кітап тарту етілді

/
Шымкентте «Бір сұраққа – бір кітап» акциясы аясында тұрғындарға 100 кітап тарту етілді
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Ұлттық кітап күні қарсаңында ерекше форматта «Бір сұраққа – бір кітап» атты мәдени-ағартушылық бағытындағы акция ұйымдастырды. Іс-шара «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланатын Арбат аллеясында өтті.

Акцияның басты мақсаты – тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, азаматтар арасында кітап оқу мәдениетін дәріптеу.

Акцияға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов, партияластар, қалалық кітапхана қызметкерлері, жоғары оқу орындардағы студенттер мен кітапсүйер қауым – бас-аяғы 150-ге жуық адам қатысты.

Іс-шара аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен олардың шығармаларына қатысты сұрақтар әзірленді. Сұраққа дұрыс жауап берген қатысушыларға сыйлық ретінде кітап табысталды. Осы сұрақ-жауап нәтижесінде 100 кітап өз иесін тапты. Оқырмандарға ұсынылған шығармалар қатарында Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Алмас Ахметбекұлы, Қуандық Түменбай, Фариза Оңғарсынова, Сапарғали Бегалин сынды қазақ қаламгерлерімен қатар, Трейси Уэст секілді шетел жазушыларының еңбектері де болды.

«Кітап – рухани азық. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға, кітап оқу мәдениетін дәріптеу арқылы олардың тұлғалық дамуына жағдай жасауымыз керек. Осындай акциялар – тек танымдық іс-шара емес, қоғамды білім мен мәдениетке үндейтін маңызды қадам», – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов.

Іс-шараға қатысқан қала тұрғындары жоғары белсенділік танытты. Қатысушылардың басым көпшілігі қазақ әдебиетін сүйіп оқитынын, әсіресе қазіргі жастар арасында Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің шығармаларына деген қызығушылық артқанын жеткізді.

 «Бүгінгі шара маған ерекше әсер қалдырды. Сұрақтар қызықты әрі терең мазмұнды. Адам бір кітап алу үшін терең ойланып жауап беруге тырысады. Осындай танымдық форматтағы акциялар жиі болса екен деймін», – деді Айсұлу Қасым есімді студент.

Өз кезегінде, Абай кітапханасының қызметкері Гүлнұр Айтжанова акцияға өскелең ұрпақ барынша белсенді қатысқанын жеткізді.

«Кітап – адамды тәрбиелейтін құрал. Бүгін жастар қауымының белсенділігіне дән риза болдық. Олар білімге деген ынтасын, әдебиетке деген қызығушылығын танытты. Бұл – қуантарлық жайт», – деді қалалық кітапхана маманы.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта осы бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды көздеп отыр. Айта кетейік, партияның қалалық филиалы «Кітап-AMANAT» жобасы аясында былтыр 50-ге жуық іс-шара ұйымдастырды. Оған 3 мыңнан астам азамат қатысты.

Бөлісу: