Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған болатын. Жаһандану заманында тілсіз тәрбиеші саналатын кітаптардың маңыздылығын арттыру - «AMANAT» партияcының да негізгі миссиясы. Партия 2023 жылы Президент бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып, барлық өңірлерде отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдауға бағытталған кітап орталықтарын ашты. Бүгінде орталықтар азаматтардың партияға өз мәселесін шешу үшін ғана емес, рухани баю үшін де келіп, отандық авторлардың ең озық кітаптарымен танысуына, отандық әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етіп отыр.
Бүгін Қызылордада «AMANAT» партиясының «Кітап AMANAT» орталығында Ұлттық кітап мерекесіне орай жас оқырмандармен кездеу өтіп, ұлттық мерекенің мән маңызы ерекше насихатталды.
Жастармен болған кездесуге партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшы Ләйлә Төрешова, облыстық мәслихаттағы фракция мүшесі Гүлшат Мұсаева қатысып, кітаптың адам қабілетіне, оның білім көкжиегін дамытудағы рөлі жөнінде ойларымен бөлісіп пікір алмасты.
Мемелкет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деген еді.
Алмасбек Есмаханов жастардың ой-санасын жетілдіру үшін, тіл байлығын арттыру үшін, өмірлік көзқарасы мен мәдениеттілігін қалыптастыру үшін кітап – негізгі тәрбие құралы болып табылатындығын атап өтті.
«Хәкім Абай «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп, кітап оқудың адам өмірінде алар орнын ерекше айтып өтті. Мәдениетті адам болу үшін рухани байлық - кітапты дәстүрлі оқи отырып, бірнеше тілді игере алатындай болу керек. Қазіргі уақытта кітап оқуға барлық мүмкіндік жасалған. Сондықтан ерінбей кітап оқуды үрдіске айналдыру керексіздер. Бұл Расул Ғамзатов айтқандай «Өзіңді- өзің тану үшін де, өзгені тану үшін де» қажет дүние,- деді Алмасбек Есмаханов.
Кездесу барысында жастармен отандық авторлар, олардың шығармалары төңірегінде жасырылған викториналық ойындар ойнатылып, үздік жастарға кітаптар сыйға тартылды. Мәселен өзгелерден оза шапқан жас оқырман Мадияр Зікірияұлына партияның облыстық филиалының төрағасы жұмысшы мамандықтар жылы аясында дәріптеуге тұрарлық Нұрмахан Елтайдың екі мәрте «Еңбек ері», КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың ғибратты ғұмыры мен ерен еңбегіне арналған «Дала академигі Ыбырай Жақаев» атты кітабын сыйға тартты.
Кездесу соңында арнайы bookcrossing ұйымдастырылып, жастар өздерін қызықтырған кітаптарды саралады.