Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Ұлттық кітап күніне орай Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдап, «Кітапхана ісі» мамандығын дербес білім беру бағыты ретінде қайта қарастыру қажет екенін мәлімдеді.
«Бүгін елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні атап өтілуде. Бұл игі бастама Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр», – деді депутат.
Сүлейменова өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқудың адам тұлғасын қалыптастырудағы маңызына бірнеше рет тоқталғанын еске салып өтті. Депутаттың айтуынша, бүгінде жазушылар мен авторларға қолдау көрсету үшін заңнамада арнайы гранттар бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда кітапхана саласында шешімін күткен өзекті мәселелер әлі де жеткілікті.
Депутаттың пайымдауынша, қазіргі таңда елімізде 51 жоғары оқу орны «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша кадрлар даярлайды. Бұл бағдарлама «Журналистика және ақпарат» бағытына біріктірілген. Бірақ сала мамандары мен сарапшылар бұл бірлестірудің кәсіби маңызын жоятынын алға тартып отыр.
«Кітапхана ісі – бұл ақпаратты сақтау, жүйелеу, оқырманға ұсыну мен заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қоғамға ақпараттық қызмет көрсетуге бағытталған дербес сала. Ол пәндік мазмұны мен кәсіби дағдылары жағынан журналистикадан түбегейлі ерекшеленеді», – деді Сүлейменова.
Ол бүгінгі күннің талабына сай кітапханашы кадрларына сұраныс артқанын, алайда бұл мамандықтың беделі мен танымалдылығының төмендегенін баса айтты. Бұған себеп ретінде мамандықтың өз алдына жеке бағыт ретінде бөлінбеуін атады.
Депутат қазіргі білім беру бағдарламаларының көбіне жалпылама сипатта екенін, ал сала ішіндегі нақты бағыттарға – мысалы, мектеп, мәдениет, ғылыми кітапханалар үшін – бейімделмегенін тілге тиек етті. Осыған орай, ол «педагог-кітапханашы», «мәдениет саласының кітапханашысы», «ғылыми кітапханашы» сынды мамандандырылған оқу бағдарламаларын әзірлеуді ұсынды.
Сүлейменованың пікірінше, бүгінгі кітапханашы – жай кітап таратушы емес, ақпарат менеджері, цифрлық трансформацияға бейімделген кәсіби медиатор болуы тиіс.
Депутаттың нақты ұсыныстары:
- «Кітапхана ісі» мамандығын ҚР білім саласындағы ұлттық классификаторда дербес білім бағыты ретінде қарастыру;
- Осы мамандық бойынша оқып жатқан бакалавр, магистр және PhD докторанттарының еңбек нарығындағы сұранысына сараптама жүргізу, соның негізінде жұмыспен қамту бағдарламасын әзірлеу;
- Салалық бағдарланған білім беру бағдарламаларын жасау: педагог-кітапханашы, мәдениет саласының кітапханашысы, ғылыми кітапханашылар.
«Кітапханашы – бұл мәдениет пен білім арасындағы алтын көпір. Сондықтан бұл мамандықтың мәртебесін көтеру – уақыт талабы», – деп қорытындылады сөзін Мәжіліс депутаты.