Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың шақыруымен Ерлан Қошанов бастаған бір топ Мәжіліс депутаты Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Анкара қаласында депутаттар Парламент басшылығымен кездесіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен парламентаралық қарым-қатынасты дамыту мәселелерін талқылады.
Нуман Куртулмушпен кездесуде Мәжіліс төрағасы әріптесін Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің 105 жылдығымен және Ұлттық егемендік күнімен құттықтады.
Ерлан Қошанов жүз жылда Түркияның ғаламат жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтіп, қос мемлекеттің арасында шынайы достық пен туыстық байланысқа негізделген берік ынтымақтастық орнағанына айрықша назар аударды.
Мемлекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынас ерекше жақын дер едім. Бұл жақындығымызды екі ел көшбасшылары арасындағы бауырлық байланыстан-ақ аңғаруға болады. Президенттеріміздің арасында мызғымас достық, сыйластық байланыс бар. Олар өте жиі кездесіп тұрады. Әр кездесуі ынтымақтастықты тереңдетуге зор серпін береді. Дәл осындай достық қарым-қатынас Парламент деңгейінде де қалыптасты. Алда біз өз тарапымыздан екі ел басшыларының уағдаластықтарын заңнамалық тұрғыда жүзеге асыратын боламыз, – деді Палата спикері.
Парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалары әңгіменің өзегіне айналды. Бұл ретте тараптар заң шығару бағытындағы байланысты тереңдетуге келісті.
– Біздің депутаттарымыз да бір-бірімен жиі кездесіп тұрады. Парламент – халық өкілдері жиналатын орын. Сондықтан біз халықтың өкілдері ретінде екі елдің тығыз араласуына, жақындасуына жол ашамыз. Парламенттік дипломатияның миссиясы да осы. Бір-бірімізден үйренетін тұстарымыз аз емес. Біз Түркиямен парламентаралық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Мәжіліс спикері.
Тараптар көпжақты форматта да ықпалдастықты тереңдетуге қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы аясындағы жұмысқа ерекше мән беріледі. Аталған ұйымға төрағалық биыл Қазақстанға өтеді. 11-12 маусымда Астанада ТҮРКПА-ның отырысы жоспарлануда. Оған түрік тарапы қатысатынын айтты.
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы өз сөзінде қазақ-түрік ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дами беретінін атап өтті.
– Біз Қазақстанның әр жетістігіне шын қуанамыз. Былтыр Қазақстанда ресми сапармен болдым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Өзіңізбен өткен кездесулерде екі ел арасында байланысты одан әрі жетілдіруге ықпал ететін маңызды тақырыптарды талқыладық. Бүгін сол әңгімені жалғастырып жатырмыз. Біз достық топтарымыздың және халықаралық ұйымдардың аясында бірлескен жұмысты нығайтатын боламыз, – деді Нуман Куртулмуш.
Мемлекетаралық қатынастарды дамытуда партияаралық байланыстың да маңызы зор. Қос тарап бұл салада да жұмысты ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, әскери-техникалық саладағы серіктестік мәселелері ортаға салынды. Мәдени-гуманитарлық қатынасты тереңдету жайы да кеңінен сөз болды.
Сапар барысында делегация мүшелері Ататүрік кесенесіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етті. Мәжіліс спикері құрмет кітабына жазба қалдырып, Тәуелсіздік соғысы мұражайын және Президент жанындағы Ұлт Кітапханасын аралады.