ШҚО-да Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай оқ атудан сайыс өтті

/
ШҚО-да Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай оқ атудан сайыс өтті

Бүгін Зайсан ауданының спорттық модулінде 18 жасқа дейінгі қыздар арасында оқ атудан «Мерген ару – 2025» атты ашық аудандық біріншілік өтті. Аталмыш жарыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.

Жарысты Зайсан қаласының оқ ату орталығының төрешілері ұйымдастырды. Бұл шараның ерекшелігі – қатысушы қыздардың ұлттық киіммен өнер көрсетуі, бұл ұлттық дәстүрімізге деген құрметті айқындай түсті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімі мен мәслихат төрағасының атынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы номинациялар табысталды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов, спорт ардагері Сәуле Серікбаева, оқ атудан жарыс жүлдегерлері - Қанатбаевтар отбасы, Дана Сейфуллина және Гүлзат Қусанбаева құрметті қонақ ретінде қатысып, сөз сөйледі.

Іс-шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін еске алуға ерекше мән берілді. Зайсан ауданынан соғысқа 7760 адам шақырылып, оның 6702-сі ұрысқа қатысқан. Соғыстан 3229 адам оралса, 1817-сі майданда қаза тауып, 2923 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Зайсан ауданынан шыққан батырлар - Кеңес Одағының батыры Василий Головченко, үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Қыдырпатша Бокажанов, соғыс батырларына теңестірілген Ғадылбек Сарсекееев пен Виктор Гутовский.

Сонымен қатар, 58 адам «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 3 адам «Қызыл Ту» орденімен, 590 адам I және II дәрежелі «Жеңіс» медальдарымен, 12 адам II-III дәрежелі «Құрмет» орденімен марапатталған. Бір азамат - «Құрмет» орденінің толық иегері.

Қазіргі таңда ауданда бір соғыс ардагері - 102 жастағы Құрманқожанов Закен ата тұрады. Жақында ол кісі туралы деректі фильм түсіріліп, оның тұсаукесері 9 мамыр қарсаңында өтеді. Сонымен қатар, ауданда 97 тыл еңбеккері тұрады.

Соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлеріне бір реттік қаржылай көмек көрсетіліп, демеушілердің қолдауымен азық-түлік себеттері мен естелік сыйлықтар табысталады.

Бөлісу: