Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Тверь облысының Ржев қаласына қазақстандық делегация барып қайтты.
Делегация құрамына Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің дипломаттары, Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері, Ресей әскери жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық курсанттар кірді.
Еске алу рәсімі барысында делегация мүшелері 100-ші және 101-ші жеке атқыштар бригадаларының жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды. Бұл мемориал 2010 жылы ашылған болатын, ал Жеңістің 80 жылдығына орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қайта қалпына келтірілді.
Мемориал гранит қабырғадан тұрады, онда "100-ші және 101-ші атқыштар бригадалары жауынгерлеріне – алғыс білдіруші қазақстандықтардан" деген жазу қашалып жазылған. Қабырғаның оң жағында Қазақстан картасы бейнеленген панно орналасқан. Онда 1941 жылы осы атқыштар бригадалары жасақталған Алматы және Ақтөбе қалалары, сондай-ақ елорда Астана қаласы белгіленген. Мәрмәр тақталарда бұл бригадаларға Қазақстаннан шақыртылған он мыңға жуық жауынгердің есімдері қашалып жазылған.
Аталған екі бригада мен тағы алты қазақстандық әскери құрамалар 1942-1943 жылдары "Марс" әскери операциясы барысында Ржев түбінде қаһармандықпен шайқасты. Бұл шайқастарда олардың жеке құрамының 80 пайыздан астамы қаза тапты. Дегенмен олар жаудың Сталинград түбінде қоршауда қалған Паулюс әскеріне көмекке баруына жол бермеді. Ржев шебі Мәскеу үшін шайқаста да шешуші рөл атқарды.
Сондай-ақ қазақстандық делегация Совет жауынгері ескерткішіне және Трубино ауылындағы бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойды. Бұл жерде шамамен 2000 сарбаз жерленген. Олардың арасында Қазақстан Президентінің туған ағасы – Касым Болтаев та бар.