сенбі, 19 сәуір, 2025

Тараздық оқушылардың жобасы Орталық Азияда үздік деп танылды

/
24.kz

Тараздық жас өнертапқыштар Орталық Азия бойынша үздік атанды, деп хабарлады turkystan.kz сайты 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары әзірлеген жоба жүйке-бұлшықет қызметі бұзылған жандардың өмірін жеңілдетуге бағытталған. Олар ұсынған құрылғы - жасанды интеллектке негізделген интерактивті «ақылды» капа. Арнайы сенсорлар мен бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы капа пайдаланушының еріксіз бұлшықет қозғалыстарын анықтап, сол арқылы арбасын басқаруға, сондай-ақ смартфон мен компьютерге пәрмен беруге мүмкіндік береді. Жобаның авторлары бұл бастаманы инклюзивті технологиялар бағытына қосқан үлесіміз дейді. Олар болашақта капаны жетілдіріп, жаппай қолданысқа енгізуді мақсат етіп отыр. 

Қанат Тәжіхан мен Барысхан Қалдыбаев интерактивті капаны жасауға 2 жыл уақыт жұмсаған. Алдымен оңалту орталықтарына барып, мүгедектігі бар жандарға не қажеттігін зерттеген. Құрылғы жақ-сүйекке киіледі. Мүгедектігі бар адам тіл арқылы немесе басын қимылдатып жұмыс істей береді. Мысалы арбаны солға немесе оңға бағыттау үшін басын бұрса жеткілікті.

 «Микрочип ойлап таптық. Яғни ол жерде қажетті сенсорлар өзі патаның ішіне орналастырылған және аккумулятор арнайы байланыс ұзақ уақытқа шыдайтын. Барлық «блютуз» немесе «вайфай» секілді модульдер алдын ала орнатылған. Соның арқасында біз өзіміздің микрочипті 17 миллиметрге дейін кішірейте алдық. Адам ағзасына зияны тимейтінін қадағалап, кейін бірге бастырып шығардық», - деді жоба авторы Барысхан Қалдыбаев. 

Оқушылардың құрылғысы халықаралық сарапшылардың да жоғары бағасын алып отыр. Жақында ғана Ташкентте өткен халықаралық байқауда «Жасанды интеллектіге негізделген ең үздік старт-ап жобасы» атанды.

 «Бізге халықаралық платформа қызығушылық танытып отыр. Бұл халықаралық платформа бүкіл мүгедектердің мәселесін шешуге арналған арнайы платформа. Бізге келіп өніміміздің толық жұмыс жасағанын көз жеткізгісі келіп тұр. Өзіміздің лабороториямызды ашып арнайы зубтехникалық құрылғылар сатып алып және де мамандар жалдап бір команда орнатып жұмыс жасауға дайынбыз», - деді жоба авторы Қанат Тәжіхан.

«Жамбыл облысында 45 мыңнан аса психоневрологиялық ауытқуы бар адам бар. Тараздың өзінде 600-ден аса адам арбаға таңылған. Сондықтан жоба жүзеге асса, құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

«Қолын қимылдата алмайтын адамдар бар. Біреулері мойын омыртқасын жарақаттанған, сол себепті қолмен қимылдата алмайды. Сондай жандарға ыңғайлы дүние. Өз бетінше өмір сүріп, өзі қимылдап, өзі баратын жеріне барып, интернетпен жұмыс істеуге ғана емес, онлйн жалақы алуға, интернет арқылы бір заказдар қабылдап, үйде отырып-ақ табыс тапса болады. Бұл өте үлкен мүмкіндік», - деді «Мүгедек жастар қоғамы» бірлестігінің төрағасы Әйгерім Дәулетбаева.

Жас өнертапқыштар туындыны «Үміт» деп атап, авторлық құқық алған. Енді демеуші тауып өндіріске шығаруды мақсат етіп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары