Жеңістің 80 жылдығы: Шымкентте «80 алғыс сөз» флешмобы басталды

/
Жеңістің 80 жылдығы: Шымкентте «80 алғыс сөз» флешмобы басталды
Gov.kz

Шымкентте Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «80 алғыс сөз» флешмобы бастау алды. Аталған флешмобқа қала жастары, спорт және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Флешмобқа қатысушылар Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы посттар мен мақалалар, бейне жазбалар мен фотоларды әлеуметтік желілерге жариялау арқылы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен өзге де қатысушыларына деген зор алғысы мен құрметін көрсетті.

Олар ата-бабаларымыздың сұрапыл соғыс кезіндегі көзсіз ерлігі мен жанқиярлығының арқасында бүгінгі бейбітшілік пен тұрақтылыққа, даму мен өркендеуге қол жеткізгенімізді ерекше атап өтіп, өздерінің ізгі тілектері мен ықыластарын білдірді.

«Менің атам Кәдеев Бекболат Кәдеұлы 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, майданда ерлікпен қаза тапты. Бүгінгі флешмобты қолдай отырып, бізге осы күнгі бейбітшілікті сыйлаған атама алғысымды білдіргім келеді! Ата сізге МЫҢ АЛҒЫС! Ұлы Отан соғысына қатысқан басқа да ардагерлерге МЫҢ ТАҒЗЫМ! Біз сіздерді ешқашан ұмытпаймыз!», - дейді қала тұрғыны Аида Кәдеева.

«9 мамыр - Жеңіс күні! Бұл - жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы биіктеп, Жеңістің жалауы желбіпеген күн. Майданда да, тылда да күрескен жанның барлығы айрықша құрметке ие! Зұлмат соғыстан қаза болған батырлардың рухына тағзым етеміз!», - деп атап өтті Акбар Елубайұлы.

«Ұлы мереке қарсаңында сіздерді шын жүректен құттықтаймыз! Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған жандардың ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Жеңіс туы көкте желбіреп тұрсын!»,- деп құттықтады Ауыр атлетикадан әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы.

Шымкентте Жеңістің 80 жылдығын атап өту бойынша жоспарға сәйкес көптеген іс-шаралар өткізілуде.

Бүгінде Шымкент қаласында 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1586 тыл еңбек ардагері, 166 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагер, 70 соғыс ардагерінің жесірлері және 170 қаза тапқан әскери қызметшілер бар.

Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/123-VIII шешімі негізінде 1994 адамға мерекеге орай жалпы сомасы 147,1 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді.

Бұдан өзге, соғыс және тыл ардагерлеріне әкімдік пен кәсіпкерлер тарапынан түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп, қайырымдылық шаралар ұйымдастырылауда. Осы және өзге де жұмыстар жыл бойы жалғасады.

Қала жастары Шымкенттен бастау алған флешмоб ары қарай Қарағанды және Ақтөбе өңірлеріне жолдады.

Бөлісу: