Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», — делінген хабарламада.
- Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған.
- Уәкілетті орган басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбесін әзірлейді, жоғарғы жетістіктер спорты түрлерінің тізімін және оларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібін айқындайды.
- Басым спорт түрлері халықаралық аренада қол жеткізген нәтижелерге қарай бекітіледі. Бұл — Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері.
- Спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты ережелер жетілдірілді. Енді олар ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінеді.
- Шетелдік легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
- Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа: жоғары жетістіктер спортына, оның ішінде спорттың басым түрлеріне, мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне, бұқаралық спортқа, спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
- Заңға «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымы енгізіледі. Соған сәйкес спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіруді көздейтін бірыңғай даярлау стандарты әзірленеді.
- Уәкілетті органға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шара қабылдау өкілеттілігі беріледі.
Айта кетейік, заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.