Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады. Осыған байланысты ведомство басшысы өңір әкімдерін ормандардағы өрт қауіпсіздігін сақтауға мұқият назар аударуға шақырды, деп хабарлады turkystan.kz.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4 402 га болатын 25 орман өрті тіркелген. Талдау көрсеткендей, олардың шығуына өрттің даладан келуі және найзағайдан тұтануы негізгі себеп болса, ал таралуына қашықтық, жетудің қиындығы және жол қатынасының болмауы себеп.
«Облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы қажет. Қазгидрометтің болжамы бойынша, биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.