сәрсенбі, 16 сәуір, 2025

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Мұражайда Әлия Молдағұлова туралы деректі фильм көрсетілді

/
Сурет: Ақтөбе облысының әкімдігі

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалдық мұражайында «Әлия - қаһармандық дастаны» тақырыптық экскурсиясы және Жеңістің 80 жылдығына және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған деректі фильмдер көрсетілді, деп хабарлады turkystan.kz.

Жас ұрпақтың патриоттық рухын қалыптастыру, батырлардың өмірлік жолын насихаттау және тарихи жадын сақтау мақсатында өткізілген іс-шараға Ақтөбе қаласының 21 мамандандырылған гимназиясының оқушылары қатысты.

Қатысушыларға музей қызметкерлері Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі жайында мәліметтер берді.

«Әлия туралы қызықты мәліметтер білдім, батырдың қай мектепте оқығаны, соғысқа қай жерден аттанғаны, құралайды көзге атқан мерген болғаны, ерлігі, Отан үшін жанын қиғаны — барлық мәлімет өте әсерлі болды, батыр апамыздың ерлігі — бізге үлгі», — дейді аталған мектептің 5-сынып оқушысы Ханна Жасқайрат.

Ал 8-сыныпта оқитын Батырхан Сейілхан Әлия музейіне бұрын да бірнеше рет келгенін, бірақ бұл жолы музей іші жаңарып, келушілерге, әсіресе балалар үшін қызықты бола түскенін айтады.

«Әлия музейіне келіп, өте ерекше әсер алдық, көптеген жаңа ақпаратпен таныстық. Музейдің экспозиция залында заманауи технологияларды қолдану арқылы жасалған жобалары өте әсерлі, әсіресе Әлияның туған жеріне, соғыстағы ерлігіне қатысты экспозияларды көргенде қиялыңмен сол кезеңдерге барып келгендей боласың», — дейді ол.

Оқушыларды алып келген мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Коленкина бұл іс-шара мектеп оқушылары үшін тәрбие сағатының бір бөлігі болғанын айтады.

«Мектебімізде Жеңістің — 80, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Ерлік сабақтары» тақырыбында тәрбие сағаттары, сыныптан тыс іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осы тәрбие жұмыстары аясында оқушылар Әлия музейіне келіп, батырдың өмірі мен ерлігі туралы ақпараттармен танысып жатыр. Өткен сенбіде музейге 2 «Б» сыныбы оқушылары келіп, Әлияның туыстарымен кездесті. Мектебіміздің 2-сынып оқушысы Қайсар Құдайберген «Әлияның атын шығарған тұлғалар» атты ғылыми жоба әзірлеп, ғылыми жобалар байқауына қатысты», — дейді ол.

Музей директоры Жанар Мақсұтова жөндеу жүргізіліп, заманауи технологиямен жабдықталған музейге келушілер қатары 2-3 есе көбейгенін айтады.

«Әсіресе оқушылар, балалар белсенділік танытуда. Қала тұрғындары, шаһарымыздың қонақтары да күн құрғатпай келіп жатыр. Музей залының экспозициясында қойылған AR-технология, VR (виар) көзілдірікті мультимедиялық технология, «Визуализация», цифрлық сторителлинг, 3D-mapping, Әлияның хат жазып отырған голограммасы, «3D анимация» голографиясындағы виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, виртуалды тур, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск келушілерге ерекше әсер ететіні айқын», — дейді ол.

Іс-шара барысында оқушыларға Әлия Молдағұлова туралы деректі фильм көрсетілді.

Бөлісу: