сейсенбі, 15 сәуір, 2025

«AMANAT»: Шығыс Қазақстан облысында 200 орындық жаңа мектеп ашылды

/
«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Жаңа Бұқтырма кентінде мемлекеттік тілде білім беретін 200 орындық жаңа мектеп ашылды.

Аталған білім ошағы заман талабына сай жабдықталған. Мектепте интерактивті тақталар, ноутбуктер, проекторлар, лингафондық құрал-жабдықтар бар. Сонымен қатар мектеп шеберханалары оқушылардың кәсіби бағыт-бағдар алуына мүмкіндік беретін тігін машиналарымен, ағаш және металл өңдеу станоктарымен қамтылған. Бұл – ауыл баласының сапалы білім алуына жол ашатын маңызды қадам.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында білім беру деңгейі тең болуы керек екенін және әрбір баланың заманауи және жайлы жағдайда оқуы үшін бар мүмкіндік жасалуға тиіс екенін атап өтті. Ал бұл жаңа, заманауи мектеп – ұрпақ тәрбиелеу мен сапалы білім беру жолындағы маңызды қадам. Осы білім ошағында еліміздің болашағын қалыптастыратын саналы, білімді де білікті азаматтар түлеп ұшатынына сенімдіміз», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмадилова Жаңа Бұқтырма кентінде ашылған мектеп «AMANAT» партиясының сайлаушыларға берген уәдесі ойдағыдай орындалып жатқанының жарқын дәлелі екенін атап өтті.

«Біз сайлауалды бағдарламамызда ауыл баласының сапалы білім алуына барлық жағдай жасаймыз деп уәде берген болатынбыз. Бүгін осы уәдеміздің  іс жүзінде орындалып жатқанын көріп отырмыз. Балаларымыз заманауи құрал-жабдықпен қамтылған мектепте білім алуда. Бұл бағыттағы жұмысымыз алдағы уақытта да лайықты жалғасын табады», – деді ол.

Мектеп құрылысы басталған сәттен қолданысқа берілгенге дейін партиялық бақылау комиссиясы мен мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауында болды. Құрылыс жұмысының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы – осы жүйелі бақылаудың нәтижесі.

«Бұрын балаларымыз ескі, заман талабына сай келмейтін ғимаратта білім алатын еді. Енді, міне, жаңа үлгідегі кең, жарық, барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген мектеп пайдалануға берілді. Балаларымыздың заманауи білім алып, жақсы ортада өсетініне қуаныштымыз», – деді кент тұрғыны Гүлшар Молдыбаева.

Бүгінде аталған мектепте 114 оқушы білім алады. Кенттегі мектепке дейінгі мекемелерде 129 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 33-і биыл осы мектептің табалдырығын аттайды деп жоспарлануда.

Бөлісу: