Ұлытау облысында баланы ұрып-соққан балабақша тәрбиешісіне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның кінәсі видеобақылау камерасы арқылы дәлелденген. Оқиға 2023 жылдың қазан айында болған.
«Тәрбиеші бір баланың аузынеа бояу салғанын көріп, ескерту айтып, сол қолымен аузынан ұрған. Одан кейін желкесінен ұрып, орындықтан көтеріп алған. Жуынатын бөлмеге апаратын кезде мойнынан алып, алдыға қарай итеріп жіберген. Бала құлап қалған. Содан кейін баланы қолынан жетектеп, жуынатын бөлмеге алып кеткен», - деді Ұлытау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Баланың жасы ол кезде бір жас екі ай болған. Тәрбиеші өз кінәсін мойындаған жоқ. Дегенмен сот оны кінәлі деп таныды.
Сот тәрбиешіге 80 сағат қоғамдық жұмыстарды істеуге үкім шығарып, үш жыл бойы кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс істеуге тыйым салды. Сондай-ақ ол 200 мың теңге моральдық шығын төлеуі керек.