Түркістан облысының прокуратурасы тұрғындарды алдап, интернет арқылы ақшасын алып, ол қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған қылмыстық топты анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қылмыстық схеманы іске асыру үшін топ мүшелері адамдарды («дропперлер») іздестіріп, оқытып отырған.
Қылмыстық топта оның қатысушылары арасындағы міндеттерінің нақты бөлінгені анықталды (қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстық қудалау орбитасына түскен жағдайда жауапкершіліктен алыстату әдістері бойынша нұсқаулықтар жүргізу, ақшалай қаражаттың үздіксіз түсуі үшін топтың жұмысын үйлестіру және т.б.).
Алдын ала мәліметтер бойынша қылмыстық топ 100-ден астам азаматтың 150 млн теңгеден астам сомаға ұрланған қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған.
Қазіргі уақытта қылмыстық топтың мүшелері қамауда, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.