Жаңа зерттеу тыныс алу мен мидағы белсенділік арасында тығыз байланыс барын дәлелдеді. The Journal of Neuroscience журналында жарияланған зерттеу нәтижелері мазасызданғанда тыныс алу ми қызметін қалай өзгертетінін көрсетті. Зерттеу барысында мазасыздық белгілерін көрсеткен егеуқұйрықтар жылдам тыныс алған, ал бұл тыныс ырғағы ми құрылымдарындағы белсенділікпен тығыз байланысты болған.
Ғалымдар көптен бері мазасыздық пен қорқыныштың, дене қызметіне әсер ететінін, соның ішінде тыныс алу жиілігінің өзгеретінін білген. Бұған дейінгі зерттеулер тыныстың иіс өңдеумен байланысты мидың аймақтарына әсер ететінін дәлелдеген. Бірақ тыныстың мазасыз күйдегі ми қызметіне әсері толық зерттелмеген еді.
Ғалымдар тәжірибе үшін кеңінен қолданылатын "elevated plus maze" деп аталатын арнайы лабиринтті пайдаланды. Бұл лабиринттің ашық және жабық бөліктері болады. Егеуқұйрықтар табиғатынан жабық, қауіпсіз орындарды қалайды. Сондықтан олардың ашық бөліктерде жүруі мазасыздықтың көрсеткіші болып саналады.
Зерттеу барысында егеуқұйрықтар 10 минут бойы лабиринтті еркін аралады. Сол уақытта олардың тыныс алу ырғағы мен ми белсенділігі жазылды. Тыныс алуды өлшеу үшін мұрын қуысына кішкентай түтік орнатылып, әрбір дем алу ауа қысымының өзгерісі арқылы тіркелді. Ал мидағы белсенділікті анықтау үшін иіс сезу аймағы мен маңдай бөлігіндегі нейрондардан сигналдар алынды.
Мәліметтерді талдау нәтижесінде мынадай қызықты жайттар анықталды:
Егеуқұйрықтар жабық бөліктерде болғанда тыныс алу баяу – 0.5–4 Гц (секундына тыныс алу саны) деңгейінде болды. Ашық немесе орталық платформаларда тыныс жылдамдап, 5–10 Гц аралығына жетті.
Қозғалу жылдамдығы бірдей болған жағдайларда да тыныс алу жылдамдығы ашық кеңістікте жоғары болды. Бұл тыныс ырғағының өзгерісі тек физикалық белсенділікке емес, эмоциялық күйге де байланысты екенін көрсетті.
Мидың екі бөлігінде де тыныс ырғағына сәйкес келетін толқындар тіркелді. Бұл толқындар тыныс алу жиілеген кезде күшейіп, мазасыздық кезінде ми тыныс алумен әлдеқайда тығыз синхрондалатынын дәлелдеді.
Ең қызығы – тыныс алудың белгілі бір фазалары ми толқындарының түріне де әсер етті. Мысалы, баяу тыныс алу кезінде маңдай бөлігіндегі гамма толқындары (шамамен 85 Гц) әлсіреген, ал жылдам тыныс алу кезінде бұл толқындар 100 Гц шамасына өзгерген. Бұл мидың түрлі эмоциялық жағдайларға түрліше жауап беретінін көрсетеді.
Зерттеу тыныс алудың эмоциялық процестерге әсер ететінін алғаш рет дәлелдеп отыр. Әсіресе, мұрын арқылы тыныс алу кезінде пайда болатын сенсорлық сигналдардың мидың шешім қабылдау және эмоцияны реттеу аймақтарына әсер ететіні байқалды.
Мұндай нәтижелер тыныс алуға негізделген терапиялардың тиімділігін түсіндіруге көмектеседі. Мысалы, баяу, терең тыныс алуға үйрететін әдістер – медитация, йога, немесе саналы тыныс алу жаттығулары – мазасыздықты азайтуда нақты нейробиологиялық әсер бере алады.
Бұл зерттеу мазасыздық пен тыныс алу арасындағы байланысты жаңа деңгейде түсінуге жол ашып отыр. Әзірге зерттеу тек егеуқұйрықтарда жүргізілгенімен, нәтижелер адамның эмоциялық күйін басқаруда тыныс алу маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.