Мамандар тұрғындарға қаладағы өртте есте сақтауға тиіс кеңестерін ұсынады.
Қалада өрт көп жағдайда қабат үйлерде болады. Оның түрлі себебі бар. Әсіресе, электр сымдарының тұйықталуынан, газдың жарылуынан, электр құрылғыларының өртенуінен, тұрмыстағы түрлі салғырттықтан туындайды. Егер сондай жағдай болғанда, қалай сақтанған дұрыс? Мамандар тұрғындарға қаладағы өртте есте сақтауға тиіс кеңестерін ұсынады.
Сасқалақтамаңыз
Ең бірінші, қабат үйде өрт шықса, сасқалақтап, дегбірсіздікке салынуға болмайды. Әуелі жақындарыңызды қауіпсіз жерлерге көшіріңіз. Ең алдымен балалар мен қарт кісілерді, жүкті әйелдерді өрт болған аймақтан қауіпсіз орынға шығаруға жәрдемдесіңіз. Бұл қадамды жасамай, орынсыз үрейге бой алдырсаңыз, қайғылы жағдайға тап болуыңыз мүмкін.
Екінші, өрт сөндіру қызметіне хабарласыңыз. Оларға нақты жағдайды айтып, мекенжайын анықтап түсіндіріңіз.
Үшінші, көршілеріңізге жағдайды ескертіп, мүмкіндік болса, көмекке шақырыңыз.
Өрт болған жерден лифтіні пайдаланбай, ең қысқа жолмен шығуға тырысу да маңызды. Өйткені өрт кезінде лифті істемей қалуы әбден мүмкін.
Құтқарушыларға көмектесіңіз
Қалада өрт сөндіру қолайсыз. Өйткені биік қабаттарға өрт сөндіру машиналары жақындай алмауы мүмкін. Сол үшін құтқарушыларға өзіңіз білетін ақпаратты тез түсіндіріп, олардың жұмысына жәрдемдесу қажет. Ең басты міндет – адамдардың өмірін сақтау. Өрт аймағында қалған кісілерді алып шығу, оларға көмектесу – әр адамның міндеті.
Өртті сөндіру үшін қажетті құралдар мен су керек. Өрт сөндірушілерге қолыңызда бар құралдарды беруге ұмтылыңыз.
Өртенген үйге қайта келгенде,
абайлаңыз
Үйге бірден кірмеңіз. Апат кезінде ғимаратқа зақым келген болуы мүмкін, онда оның астында қалуыңыз ғажап емес. Төтенше қызметтердің міндеті – ТЖ аймағындағы ғимаратты қарап шығып, адамдардың оларға қайта кіруіне болатынын не болмайтынын анықтау.
Егер де ғимаратқа кіруге мәжбүр болсаңыз, жолыңызға ешқандай жағдайда алаумен немесе шырақпен жарық түсірмеңіз. Темекі шекпеңіз.
Үйде немесе үйдің айналасында газдың немесе химиялық заттардың иісі шықпайтынына көз жеткізіңіз. Күдікті иістерді сезсеңіз, тиісті орынға хабарлаңыз.
Үзілген сымдардан (оның ішінде телефон сымдарынан) аулақ болыңыз. Ол қауіпті болуы мүмкін.
Азық-түлік қорларыңызды пайдалануға асықпаңыз, әуелі тексеріңіз: олар уланған немесе бұзылған болуы ықтимал.
Су жүргізу құбырларынан алынған немесе құдық суын пайдаланбас бұрын ойланыңыз. Суды пайдалану немесе (қажетіне қарай) оны зарарсыздандыру жөніндегі төтенше қызметтердің нұсқауларына міндетті түрде құлақ асыңыз.