АҚШ үкіметінің тиімділік департаментінің (DOGE) жұмысын қадағалайтын Илон Маск әлемдегі ең бай миллиардерлер тізімінің көшін бастады, деп хабарлады turkystan.kz.
Forbes журналының мәліметінше, оның байлығы 342 миллиард доллар деп бағаланған. Екінші орынды Meta корпорациясының басшысы Марк Цукерберг иеленді, оның байлығы 216 миллиард долларды құрайды. Үшінші орында Amazon негізін қалаушы Джефф Безос, оның байлығы 215 миллиард доллар. Келесі орында Oracle корпорациясының тең құрылтайшыларының бірі Ларри Эллисон, оның байлығы 192 миллиард доллар деп бағаланады.
2024 жылы бұл тізімді LVMH (Louis Vuitton Moet Hennessy) компаниялар тобының иесі Бернар Арно басқарған еді. Алайда, 2025 жылы Арно мен оның отбасы 178 миллиард долларлық байлығымен бесінші орынға түсті.
Журнал тізіміне жалпы 3 мыңнан астам адам енді, олардың жиынтық байлығы рекордтық 16.1 триллион долларды құрады. Forbes атап өткендей, тарихта алғаш рет үш адамның байлығы 200 миллиард доллардан асты.