11-31 наурыз аралығында өңірде "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараның мақсаты — халық арасында мал ұрлықтарының алдын алу, сондай-ақ өткен және бұрынғы жылдары тіркелген мал ұрлықтарын ашу.
Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыс көлемінде мал тасымалдаушы автокөліктерді, мал сату орындары мен ет сату орындарының заң талаптарына сәйкестігін тексерді.
Нәтижесінде алты бұрынғы мал ұрлығының дерегі және өткен жылдар санатындағы бір дерек ашылды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз тасымалдаудың 39 дерегі, үй жануарларын белгіленбеген жерлерде жаюдың 117 дерегі анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Мысалы, 16 ақпанда Қармақшы ауданының полиция бөліміне аудан тұрғыны Қуандария ауылынан оңтүстікке қарай 80-90 шақырым жерде жайылып жүрген жылқысын белгісіз біреулердің сойып алып кеткені туралы хабарлады.
Полицейлердің жүргізген жедел шаралары барысында төрт күдікті ұсталды, қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.