Іс-шараға 100-ден астам астаналық отбасы қатысты.
Астана қаласының «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының мүшелері «Балаңа уақыт арна» атты акция өткізді. Оның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту.
«Бүгінгі іс-шараға 100-ден астам астаналық отбасы қатысты. Ең қуаныштысы – бұл жолы тек аналар ғана емес, әкелердің де белсенділігі ерекше байқалды!» – деп бөлісті Астана қалалық Әйелдер қанатының төрайымы Салтанат Дженалаева.
Балалар мен ата-аналар үшін ең басты сый – елорданың ірі сауда-ойын-сауық орталығындағы кинотеатрға шақыру болды. Көптеген отбасылар алғаш рет бір жерде жиналып, бос уақытын бірге өткізді.
«Отбасы – қоғамның тірегі. Балалармен уақыт өткізу, ортақ қызығушылықтарды табу және бірге жарқын естеліктер жасау өте маңызды. Осындай іс-шаралар бізге күнделікті қарбалас өмірдің арасында ең жақын жандарға көңіл бөлу керектігін еске салады», – деді С. Дженалаева.
Әйелдер қанатының төрайымы әріптестеріне және тең төрағалары Гүлжамал Жапарова, Ляззат Разбекова, Динара Байсеркина, Динара Уразалина, Мадина Ажикенова, Алтыншаш Табулдина, Сауле Самидин, Айгүл Рахимжанова сынды әріптестеріне, сондай-ақ осы бастаманы қолдаған барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Оның айтуынша, отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыс жалғасын табады, ал мұндай шаралар игі дәстүрге айналып үлгерді.