Павлодар облысының прокуратурасы бастамашылық еткен жедел-іздестіру шаралары аясында Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Антикоррупциялық қызметтің қолдауымен қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Аталған топтың құрамында бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болған.
Аталған топ зорлық-зомбылық қолдану арқылы жәбірленушіні өз көлігінде ұстап, ірі көлемдегі ақшасын иемденуге тырысқан.
“Адам ұрлау” және “бопсалау” фактілері бойынша материалдар Қылмыстық кодекстің 125 және 194-баптары негізінде прокуратураның ЕРДР-на тіркелді. Алдын ала тергеуді арнайы прокурорлар жүргізуде. Күдіктілер ұсталып, сот оларды қамауда ұстау бұлтартпау шарасынсанкциялады”, – деп хабарлады прокуратура.
Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да қылмыстық әрекеттерге қатыстылығын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеудің мүддесі үшін өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.